Жаңалықтар

Новак Джокович теннис тарихында рекорд орнатты

Новак Джокович теннис тарихында рекорд орнатты

«Үлкен дулыға» турнирінің 22 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович теннис тарихында рекорд орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сhampionat.com сайты мәлім еткеніндей, Н.Джокович әлемнің бірінші ракеткасы ретінде 378-інші аптасын өткізуде. Сербиялық спортшы бұл жөнінен германиялық, 377 апта бойы рейтингіде көш бастаған Штеффи Графтың көрсеткішінен асып түсті. Бұл рекорд 1997 жылдан бері жаңартылмаған еді. Новак Джокович өзінің соңғы жарысы – Аустралия ашық чемпионатында финалда әлемнің 4-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципасты 6:3, 7:6 (7:4), 7:6 (7:5) есебімен ұтқан еді. Н.Джокович 28 ақпан күні Дубайдағы додада алғашқы айналымда чехиялық Томаш Махачпен кездеседі. Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Түркиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ елордадағы халықаралық турнирдің іріктеу сайысында 5 қазақстандық теннисші ойнайды.