Жаңалықтар

Қоғамды сатқындардан тазарту керек

Қоғамды сатқындардан тазарту керек

2022 жылдың қаңтары қалай ұйымдарстырылды деген өзекті мәселе талқыланған Мәжіліс отырысынан тікелей репортажды көрдім. Бұл қатыгез оқиғаларды кім ұйымдастырды және олар қандай мақсаттарды көздеді? Осы сұрақтар бізді жыл бойы мазалады. Олардың кейбіріне жауап алдық. Бүгін бұл мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті екені көпшілік алдында қайталанды. Президентті қызметінен кетіру әрекеті болғанын да айтты. Қарулы қарақшылардың әрекетін ҰҚК мен заң қорғау органдарының жекелеген қызметкерлері басқарып отырғанын да естідік. Демек, бұл кураторлар кім екендігі анықталды. Сот болатыны анық. Сол соттың шешімімен оларды жазалап, кім халқын сатқанын жұртшылық білуі үшін есімдері жариялануы керек. Мені әлі де мынандай ойлар мазалайды: кейбір теріс көзқарастағы азаматтар тыныштала алмай, жағдайды ушықтыруға мүдделі сияқты. Мысалы, полиция қызметкерлерін қару пайдаланды деп айыптауды қоймайды. Сөйте тұрып, олар бұл әрекетке Президенттің бұйрығымен барды дейді. Бұл «айыптарға» Бас прокурор Берік Асылов жауап берді. Оның мына бір сөзін келтіргім келеді: «Шындығында, қылмыскерлерге қарсы қару қолдану үшін күш құрылымдарына арнайы бұйрық қажет емес. Заңдардың тікелей нормалары бар: құқық қорғау қызметі туралы; Ұлттық ұлан туралы; адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін әскери қаруды қолдануға мүмкіндік беретін терроризмге қарсы іс-қимыл туралы. Дәл осындай қауіпті жағдай қаңтардың 5-і күні түстен кейін қалыптасып, 8-іне дейін, яғни жағдай локализацияланғанға дейін сақталды». Ал адамдардың өмірі мен денсаулығына нағыз қауіп төнгені видеолардан анық байқалады. Қылмыскерлер 2960 дана қару мен 63 мыңнан астам оқ-дәріні неге ұрлады деген сұрақ туындайды? Оларға гранатомет пен пулемет не үшін қажет болды? Қылмыскерлер арасында деструктивті ағымдарды жақтаушылар бар деген ақпаратты естіген кезде, мен Тараздағы қайғылы оқиғаны есіме түсірдім, деструктивті қозғалыстарды қолдаушы гранатометпен ҰҚК облыстық департаментінің ғимаратын атып, бірнеше адамды өлтірді, олардың ішінде комитетінің қызметкерлері де бар. Тек капитан Ғазиз Байтасов өз өмірін қиып, оны тоқтатты. Бұл оқиға шынымен де тәртіп сақшыларына сабақ болған жоқ па? Ал, ондайлардың іс-әрекеттерін ҰҚК қызметкерлері басқарып отырса, көп нәрсе түсінікті болмайды ма? Иә, өткен жылдың қаңтары ел есінде ұзақ сақталады. Ал мұндай қасірет қайталанбауы үшін қоғамды неше түрлі сатқындардан, деструктивті ағымдардан тазарту керек. Және нағыз әділетті мемлекет құру керек. Бекет Момынқұл-ҚР Құрметті журналисі, жазушы-публицист