Оңтүстік Корея полициясына өз еркімен берілген қазақстандық 15 жылға сотталуы мүмкін
Оңтүстік Корея полициясына өз еркімен берілген қазақстандық 15 жылға сотталуы мүмкін
Бұл туралы Оңтүстік Корея пабликтері мен әлеуметтік желілердегі жазбалардан белгілі болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап. Instagram-дағы Корея жаңалықтары парақшасының мәліметінше, ұсталғандар – Түркістан облысында туған азаматтар.
Екеуі де кінәларын мойындап, туған жерінде отбасын асырау үшін жұмысқа ұшып келгендерін айтқан. Оңтүстік Корея полициясы оларды шекараны заңсыз кесіп өтіп, қашып кетті деп айыптады. Қазір екі азамат қамауда отыр. Корея билігінен 3 күн бойы жасырынып, ақыры ұсталған екінші қазақстандық алдағы 3 айды жергілікті түрмеде өткізеді. Корея заңы бойынша, Қазақстан азаматы 15 жылға сотталуы мүмкін. Бірақ оның өз еркімен берілуі жауапкершілікті жеңілдететін жағдай ретінде ескеріледі. Еске сала кетсек, бүдан бұрын Инчхон әуежайынан Қазақстанның екі азаматы қашып шығып, олардың біреуі ұсталғаны хабарланған болатын. Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, Инчхон әуежайынан Қазақстанның екі азаматы қашып, қалаға кірмек болған. Олардың бірінің есімі Нұрсұлтан Ырысбаев, ал екіншісі Умижан Нарзуллаев екені айтылады. Кейін Умижан Нарзуллаев (2002 жылғы) Тэджон қаласында ұсталғаны хабарланған. Теджон халық аралық полициясы қашқынды GS25 дүкенінде телефонын қуаттап отырған жерінен қамауға алған. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынғанына қарамастан аталған елге заңсыз кіріп кеткен отандасымызға іздеу жарияланғанын мәлім етті. Оңтүстік Корея билігі іздеудегі қазақстандықты ұстап берген адамға 10 млн теңге сыйақы берілетінін жариялаған. Кеше Нұрсұлтан Ырысбаевтың полицияға өз еркімен берілгені белгілі болды.