дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Оқу ошағының тірегі – білікті мамандар

Оқу ошағының тірегі – білікті мамандар
ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағдарының бір қағидаты – адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту екенін және жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алатынын баса айтқан еді.

Осы бағытта бүгінде өз қызметін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыру мақсатында жүргізіп, алыс-жақын шетелдің жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік байланыс орнататын, креативті ойлай білетін жаңа буын мамандарын даярлайтын жоғары оқу ордаларының қатары артып келеді.
Солардың қатарында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтын (ХТИИ) ерекше атап өтуге болады. Аталған институт – Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің негізінде құрылған, білім беру реформаларына сәйкес әлемдік стандарттар негізінде білікті мамандар даярлайтын озық білім ордасы.
Бүгінде ХТИИ 6 500-ден аса студент пен магистранттың білім алуына, ғылыммен айналысуына және әлеуметтенуіне жағдай жасап, ғылым мен мәдениеттің ірі орталығына айналып келеді.
Институттың интеллектуалды күші мықты ғылыми әлеуетінде екені белгілі. Айталық, қазір оқу ордасының қабырғасында 200-ден астам профессор-оқытушы, оның ішінде Ұлттық ғылым академиясының академигі, 15 ғылым докторы, 8 PhD докторы, 80-нен астам ғылым кандидаттары, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкерлері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпаздары, Білім және ғылым министрлігі мен түрлі қорлар тарапынан ұйымдастырылған конкурстардың гранты және патент иегерлері жастарды сапалы білім, саналы тәрбиемен қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ институтта 35 бакалавриат және 28 магистрлік білім беру бағдарламасы бойынша 7 факультет, 14 кафедра және түрлі бөлімдер жан-жақтан ағылған түлектердің басын бір арнаға тоғыстыруда.
Студенттерге оқу үрдісінде қазіргі заман талабына сай оқу ғимараттары, жаңа үлгідегі спорт кешені, оқу және электронды оқу залдары, интернет желісіне қосылған компьютерлік кластар, арнаулы «1С» бухгалтерлік класы, баспахана, жаратылыстану ғылымдары бойынша виртуалды зертханалар, криминалистика полигоны қызмет көрсетеді. Қытай, ағылшын, түрік тілдерін меңгеру үшін тегін тіл үйрету курстары да ұйымдастырылған. Сондай-ақ ҚР жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес өзекті білімдік бағдарламалар мен оқу жоспарлары әзірленген. Осы ретте дайындалатын білім беру бағдарламаларының оқу жоспарлары аймақтағы жұмыс берушілермен келісе отырып жасалатынын айта кетейік.
Институттың көз тартар ғимараттарының бірі заманауи үлгідегі қала орталығында орналасқан – Студенттер үйі. Алты қабатты, 500 орынды әсем ғимаратта Коворкинг орталығы, тәулік бойы жұмыс істейтін электронды оқу залы, онлайн семинар өткізуге арналған видеостудия жасақталған. Бұдан бөлек, студенттік асхана мен «Адалдық дүкенінің», екі қабатты душ, гимнастика залының, заманауи кітапхана орталығының, сұлулық салоны мен бос уақытта пікір алмасу үшін кофейня жұмысы да ұйымдастырылған.
Жоғарыда айтқанымдай, институтта бүгінгі қоғамға қажетті мамандықтардың барлығы қамтылған. Соның ішінде «Экономика және бизнес» факультетінің жөні бөлек. Аталған факультетте оқу-әдістемелік, ғылыми және тәрбиелік бағыттарда білім беру қызметі жақсы жолға қойылған. Айталық, факульет «Экономика және басқару» және «Қаржы және есеп» кафедраларынан құралған.
Мұнда 3 PhD, 2 ғылым докторы, 10-дан астам ғылым кандидаты мен 10-ға жуық ғылым магистрінен жасақталған 30-ға жуық профессор-оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Сонымен қатар өндіріс орындары мен сала бойынша мемлекеттік мекемелерден білікті мамандар тартылған. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы әрдайым ғылыми-зерттеу нәтижелерін отандық және шетелдік басылымдарда жариялап отырады. Нақтырақ тоқталсақ, М.Нұрғабыловтың, Қ.Тастанбекованың, А.Сарсенованың, Е.Есперовтің бүгінге дейін «Scopus» базасына кіретін бірнеше мақаласы жарияланып, Хирш индексіндегі көрсеткіші үнемі жоғарылап отырады.
Институтымыздың ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында ұстаздарымыз ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын ғылыми жобалар конкурстарына да ұдайы қатысып тұрады. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында АҚШ консулдығының арнайы грантын 3 оқытушымыз иеленді. Гранттық қаржыландыру аясында АҚШ-тың Небраска-Линкольн университетімен бірлескен жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар факультетте «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен «Есеп және аудит» кафедрасының аға оқытушысы Ж.Саркулова мен «Экономика және басқару» кафедрасының доценті, PhD докторы М.Нұрғабылов сабақ беріп, жастар өз тәжірибесімен бөлісуде. Сондай-ақ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленген үздік ұстаздарымыз бен белгілі ғалымдардың да студенттерге берері мол.
Тек оқытушыларымыз ғана емес, студенттеріміз де белсенділігімен ерекшеленеді. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында әлемдік «Coursera» білім беру платформасында онлайн курстар арқылы 10-нан аса оқытушы мен 25-тен аса студент қосымша білім алуда.
Факультетіміздің бакалавриат білім беру бағдарламасына келсек, бізде «Экономика», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Менеджмент: Адам ресурстарын басқару», «Қаржы», «Есеп және аудит» салаларында мамандар даярланады. Ал магистратурада оқығысы келетіндердің «Экономика» (1 жылдық бейіндік және 2 жылдық ғылыми-педагогикалық бағыт), «Мемлекеттік және жергілікті басқару» (1 жылдық бейіндік және 2 жылдық ғылыми-педагогикалық бағыт), «Менеджмент: Адам ресурстарын басқару» (1 жылдық бейіндік және 2 жылдық ғылыми-педагогикалық бағыт), «Қаржы» (2 жылдық ғылыми-педагогикалық бағыт) мамандықтары бойынша өз білімдерін жалғастыруға мүмкіндіктері бар.
Әрбір ұстаз үшін шәкірттерінің жетістігінен асқан абырой жоқ. Бұл тұрғыда студенттеріміз биік белестерді бағындыруда. Айталық, білім алушыларымыз ғылыми зерттеулермен айналысып, түрлі студенттік ғылыми конференцияларға, олимпиадаларға, жарыстарға, сондай-ақ өңірлік, республикалық, халықаралық спорттық жарыстарға да қатысып, түрлі марапаттарға да ие болуда. Мәселен, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Азамат Намелбек ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының бизнес бағыты бойынша «ЭкоӘлем» бизнес жобасын қорғап, үздік отыздықтан көрініп, грантқа қол жеткізді.
Тәуелсіздік таңы атқан сәттен бастап еліміз нарықтық экономикаға бейімделіп, кәсіпкерліктің қарыштауына жол ашты. Әрине, әрбір саланың қанат жаюы білікті мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан экономика және бизнес бағытындағы мамандықтарға сұраныс әрдайым жоғары. Біздің факультет те өз кезегінде сапалы мамандар даярлауға сүбелі үлес қосуға қашанда әзір.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар