Жаңалықтар

Оқушылар ұялы телефоннан бас тартты

Бұл бастама осыдан екі жыл бұрын қолға алынған

Астана қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушылары ұялы телефоннан бас тартты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Ulysmedia.kz.-ке сілтеме жасап. 

АТА-АНАЛАР ҚОЛДАУЫ

Аталған бастама осыдан екі жыл бұрын қолға алынған, ал ата-аналар мен оқушылар мектеп әкімшілігінің ұсынысын бірауыздан қолдаған.

Бастапқыда кейбір оқушылар қарсылық танытқанымен, қазіргі уақытта сабақ үстінде телефондарын өз еркімен тапсырады екен.

Мектепте телефон ұстаудан біржола бас тартқан соң оқушылардың білімге құштарлығы артты, бос уақытында шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, достарымен сөйлеседі, делінген мектеп әкімшілігі таратқан хабарламада.

ЗИЯН

Сыныпқа оқушының әуелім ұялы телефон ұстап кіруі дұрыс па?

Бұл қазіргі түйткілді мәселенің ал­дың­­­­ғы орнына шыққан жайт. Мұндай жағдайда мұғалімдер сабақ өтпес бұрын театрдағыдай: «Құрметті оқушылар, қалталы телефондарыңызды өшіріп қоюларыңызды өтінемін!» деп олардан рұқсат сұрап тұра ма? Бұл не өнеге!

Сабақ үстінде ұялы телефоны интернетке қосулы баланың бар зейіні мұғалімнің айтқандарына ауа қояды дегенге де өз басымыз аса сеніңкіремейміз. «Оқушыларыма өз пәнімді қайтсем сүйдіртем, қайтсем алға сүйреп шыға­мын» деп шыр-пыры шыққан қарт ұстазды шәкіртінің қалай әжуаға айналдырып, ақыр соңында соққыға жыққанын да интернет иірімдерінен көріп жағамызды ұстағанбыз.

Осы арсыздықты телефонына басып, көп­шілікке ұсынған бөтен біреу емес, сол мұғаліміне қол көтерген оқушымен бірге оқитын сыныптас құрбы-дос­тары. Мұндай өзге елде орын алып жатқан келеңсіз оқиғаны санасы жас шыбықтай солқылдақ біздің жас­өспірім балаларымыздың тәрбиелік мәні жағынан дұрыс қабылдай қоюы тағы екіталай. Өйткені, сыныптағы оқиғаларды «фейсбукке» салу әрекеттерінің бізде де үдемесе, азаймай тұрғаны соған нақты дәлел.