Жаңалықтар

Облыс әкімі Д.И.Менделеев атындағы РХТУ-дың өкілдерімен кездесті

Қыркүйекте өңірдегі университет филиалы 30 студентті қабылдайды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің (РХТУ) делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo. kz. 

Кездесуде Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысында химия өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, өңірде салаға қажетті кадрларды даярлау мәселесіне  тоқталған.

Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті жамбылдық студенттерге білім беруді бастап кетті. Өткен жылы «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы бойынша 7 студент Мәскеуде білімін шыңдап, оқуын сәтті аяқтады. Сонымен бірге «Қазфосфат» ЖШС-ның қызметкерлері де университет базасында білімдерін жетілдіруде.

Биыл қыркүйекте аталған оқу орнының өңірдегі филиалы 30 студентті қабылдап, химия өнеркәсібінің кадрларын даярлауды бастайды. Алдағы жылдары білім алушылардың саны 300-400-ге жетеді деп күтілуде.

Басқосуда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры меморандум аясында қолға алынған жұмыстарды баяндады.

Сонымен бірге Д.И.Менделеев атындағы РХТУ өңірлік филиалының директоры Ирина Фарафонтова да сөз алып, облыстық әкімдікпен бірлесе білім беру бағдарламаларының ауқымын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Айта кетейік, қазіргі таңда ресейлік университеттің филиалы орналасатын ғимаратқа жөндеу жұмыстары басталды. Оқу орнында 55 аудитория бар, оның ішінде 7-і лаборотория қарастырылған. Оқу корпусы білім беруге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылады. Жалпы бұл жұмыстар тамыз айының соңына дейін аяқталмақ.

РХТУ-дың өңірлік филиалында білім алған студенттер инженер-химик, химик-технолог, биотехнолог, зертханашы және зерттеуші мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алады. Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларда жұмыс істеуіне мүмкіндік бар.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалын ашу көзделген. Бұл бойынша Д.И. Менделеев атындағы РХТУ, М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ және «Қазфосфат» ЖШС арасында кадрларды бірлесіп даярлау туралы үшжақты келісімге қол қойылған болатын.