Жаңалықтар

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Талас ауданының индустриалды аймағындағы жобалармен танысты

Мұнда 2023-2025 жылдары 3 өндіріс орны іске асырылады

Ербол Қарашөкеев идустриалды аймақта салынып жатқан зауыттардың басшылық өкілдерімен кездесті , деп хабарлайды jambylinfo.kz
Талас ауданында құрылған индустриалды аймақта облыс әкімі «TALAS INVESTMENT COMPANY» ЖШС-нің жобасымен танысты. Серіктестіктің бас директорының айтуынша, зауыт жылына 15 мың тонна натрий ционидін өндіреді. Өндіріс қуатын жылына 30 мың тоннаға дейін жеткізу үшін зауыттың екінші кезеңінің құрылысы басталған. Мерей Омаровтың сөзінше, 26 млрд-қа жуық қаржы қаралған бұл жоба келер жылы аяқталады. Дегенмен, индустриалды аймақта бірқатар қажеттілік барын жасырмады. Айталық, бүгінгі күні зауытқа мемлекеттік қолдау аясында газ, электр жарығы, қоректік және техникалық су, темір жол тұйығы керек.  Аймақ басшысы бұл мәселенің алдағы уақытта шешу жағы қарастырылатынын айтты. Жалпы, зауыт өндіретін натрий цианиді еліміздегі алтын өндіретін кәсіпорындарға қажет. Өндіріс орны басшылығының сөзінше, мұнда қосымша аммоний сульфаты өндіріледі.

Сондай-ақ индустриалды аймақта «ASIACHEM» фосфор тыңайтқышын өндіретін зауытының инфрақұрылымы мен зауыттың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Зауыт өндіріске сақадай сай болса, жылына 150,0 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіреді.

Ал, «KARATAU CHEMICALS» пиросульфит өңдеу зауытының құрылысы аяқталу сатысында . Облыс әкіміне  өндіріс орнының мүмкіндіктері баяндалды . Атап айтқанда зауыт жылына 25,0 мың тонна пиросульфитнатрий шығарады. Мұнда тартылған инвестиция құны 2,8 млрд теңге. Таластағы индустриалды аймақта іске асырылып жатқан жобалармен танысқан Ербол Қарашөкеев жергілікті мердігерлерді тартып, тағы да жаңа жобаларды жасау керектігін айтты. Мәселен,«Karatau Chemicals» ЖШС-нің бас директордың бірінші орынбасары Рахим Эргюн өңірге жаңа 5 жоба алып келген.