сенбі, 23 қараша, 2024 9:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Облыстағы сот жүйесі жетіліп келеді

Облыстағы сот жүйесі жетіліп келеді
ашық дереккөзі
Облыстағы сот жүйесі жетіліп келеді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің реформаларында биліктің сот тармағын жетілдіру үшін түбегейлі жаңа әдістер мен жүйені енгізу керектігін айтқан болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы судьялардың кәсібилігі тақырыбын көтеріп, елдегі сот төрелігінің сапасын арттыру мәселесін де қозғады. Кейінгі кезде Жоғарғы сот өкілдерінің қатысуымен болған қылмыстардың жиілеуі Президенттің сот жүйесіне қатысты реформаларының бүгінде өте өзекті екенін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін атады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сот қорғауына құқықтарды қорғауды құқықтық реттеу елдің сот жүйесін жедел жаңғыртуды талап етеді. Биыл 28 наурызда ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойған.
«Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың өзекті мәселелері» атты жиынға қатысты. Жамбыл облыстық сотының ұйымдастыруымен өткен басқосуда жергілікті атқарушы, мемлекеттік және құқық қорғау органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, жеке сот орындаушылар палатасы және адвокаттар алқасының басшыларымен тақырып аясында бірқатар мәселелер талқыланды. Аймақ басшысы өз сөзінде мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, құқық қорғау органдары мен соттар әкімшілік істерді қарау барысында тығыз байланыста жұмыс атқарып, заң аясында шешу жолдарына ықпал ету қажеттігін, ең бастысы азаматтардың заң алдындағы тепе-тендігін сақтаудың маңыздылығын айрықша атап өтті.
- Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Мемлекет басшысы саясатының маңызды элементтерінің біріне айналып отыр. Бұл билік пен қоғам арасындағы әріптестіктің бір түрі. Ең алдымен, мемлекеттің ашықтығын, тек өзекті мәселелерді талқылауға ғана емес, сонымен қатар қабылданып жатқан шешімдерге де қатысты – бүкіл ел үшін маңызды шешімдер жабық форматта емес, олардың қатысуымен қабылдануын білдіреді. Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін атады. Сот жүйесіндегі реформалар биліктің сот тармағын жетілдіру үшін түбегейлі жаңа әдістер мен жүйені енгізу керектігін де айтқан болатын. Сонымен қатар, судьялардың кәсібилігі тақырыбын көтеріп, елдегі сот төрелігінің сапасын арттыру мәселесін де қозғады. Халықтың сот жүйесіне деген сенімі басты міндет. Әрине, судьяларға ешқашан жеңіл болмаған және болашақта да оңай болмайтыны белгілі. Еліміздегі сот жүйесінің дамыған мемлекеттер сапына қосылуына үлес қосу – мәртебе әрі мақтаныш,-деген Ербол Қарашөкеев ұйымдастырушылар алғысын білдірді.
Өз кезегінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров та тақырып аясында өзінің орамды ой-ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов Әкімшілік Әділетті құрудағы негізгі мақсаттарға қысқаша тоқталды.
- Әкімшілік әділеттің басты мақсаты бір жағынан азаматтарға басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді қамтамасыз ету, екінші жағынан – жоғары тұрған мемлекеттік органда немесе сотта жария – құқықтық дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін (механизімін) белгілеу болып табылады. Мемлекет басшысы сот билігі биліктің өзге тармақтары сияқты қоғамдық келісімге, саяси тұрақтылыққа, экономикалық дамуға және басқа да негізгі конституциялық қағидаттарға жауапты екендігі айтқан болатын. Әкімшілік Әділетті құру «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде билік өкілдерімен өзара қарым-қатынаста азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын сот арқылы қорғау кепілдіктерін барынша толық қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың тәртібін арттыруға үлкен маңызға ие,-деді Е. Ахметжанов.
Сондай-ақ, жиында Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Динара Нұрлыбаева, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының судьясы Оспан Мамытбеков, Жамбыл облысының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Аманжан Жасұзақов, Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары Ерлан Байболат және тағы басқалар баяндама жасап, пікірлерін білдірді. Қабылданған заңдарға сәйкес Президент кәсіби судьялар корпусын сот реформаларының шешуші факторы деп атады. Кейінгі бес жыл ішінде  елде парақорлықпен 17 судья ұсталған. Ал 29 адам теріс қылықтары үшін лауазымынан босатылды. Сондықтан бірінші кезекте саладағы кадрларды «тазарту» аса маңызды. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаевтың сот жүйесіндегі реформаларда, ең алдымен, салаға жаңа мамандарды тартуды басты назарға алу туралы ұсыныс өте өзекті. Сот жүйесінде IT қызметтерді қолдану туралы реформада сәтті жүзеге асып, бүгінде жүзеге асырылып келеді. Бұл ең алдымен парақорлықпен күресудің өзіндік әдісі ретінде жұмыс істеп жатыр. Электронды сервистерді енгізу сот ісін жүргізуді едәуір жеделдетіп, сот жүйесінің ашықтығын арттырды. Сондай-ақ  азаматтардың шығындарын азайта отырып сот процесіне жылдам қол жеткізуге септігін тигізді. Сот жүйесіндегі IT қызметтердің  мақсаты – азаматтар мен соттар арасында тиімді коммуникация құру, іс жүргізу кезінде туындайтын қиындықтарды болдырмау, қоғам тарапынан соттарға деген сенімді арттыру. IT-технологияларды пайдалану сот ісін жүргізудің әдеттегі процесіне жұмсалатын уақыты едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Реформалар процестердің ашықтығымен қатар, сот жүктемесі мәселесін шешуге де бағытталған. Мәселен, сотта күніне ондаған іс сұрыпталады. Бұл өз кезегінде судьялар жұмысының күрделі екенін көрсетеді. Енді жаңа заңнамаға сәйкес, елдің Жоғарғы Сот органына салықтық құқық немесе жер қойнауын пайдалану құқығы сияқты мамандандырылған құқық салаларында үлкен тәжірибесі бар көрнекті заңгерлерді тартуға болады. Осылайша жұмысты біршама жеңілдету қарастырылған. Жалпы, сот жүйесіндегі реформалар, ең алдымен, халықтың судьяларға деген сенімін арттыруға бағытталған. Президенттің ұсыныстары негізінде тәжірибелі мамандарға баса назар аудара отырып, кадрларды жаңа іріктеу, процесті жеңілдететін және адами факторды жоятын жаңа технологияларды енгізу, сот төрелігінің ашық алаңын құру жұмыстары бүгінде біртіндеп іске асырылып жатыр. ҚР Ұлттық даму жоспарына көз жүгіртсек, алдағы бірнеше жылда отандық сот жүйесін толық трансформация күтіп тұр.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар