Облыстың бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары белгілі болды
- авторjambylinfo.kz
- 15 сәуір, 2021
- 227
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыстың бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және аумақтарды абаттандыру мен санитарлық тазарту жұмыстарының барысы қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша экономика көрсеткіші 96,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Өнеркәсіп өсімі 107,3, ауыл шаруашылығы 103,8 пайызды құраған. Құрылыс 6,9, байланыс саласы 14,4 пайызға өскен. Бюджет қаражатын игеру көрсеткіштері 99,9 пайыз, жұмыссыздық 4,9 пайыз, инфляция 101,9 пайызға айналған. Жалпы экономиканың түрлі секторларына барлығы 53,6 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Гүлдана Жауынбекова жалпы белгіленген негізгі индикаторларға қол жеткізілетін атап өтті. Тек, сауда және көлік саласы 100 пайыздық деңгейге тартпай отырғанына назар аудартты.
Егер аудандар бөлінісіне ден қоятын болсақ, Сарысу ауданындағы тұрғын үй құрылысының қарқыны, Шу ауданындағы тартылған инвестициялар көлемі және сауда-саттыққа қатысты ахуал ойдағыдай емес.
Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев тұрғын үй құрылысына қатысты жағдай жуық арада түзеліп, 316 пәтер пайдалануға берілетінін тілге тиек етті.
Шу ауданының әкімі Нұржан Календеровтің айтуынша, көрсеткіштердің төмендеуіне жол-құрылыс және қант зауытын салу жұмыстарының төмен қарқыны себеп болған. «Сауда-Сервис» сауда компаниясы. Орталық базарды жаңғыртуда десек, соның әсерінен базар уақытша жұмысын тоқтатқан.
- Экономиканың өсімі біз күткен межеде емес. Қала мен аудан әкімдерінің жұмысын жандандырып, жаңа өндіріс орындарын ашу қажет, - деді өңір басшысы.
Қаржы басқармасының басшысы Роза Исаеваның айтуынша, бюджеттің кіріс бөлігі 104,6 пайызға орындалып, жоспардан тыс төрт миллиард теңге артығымен түскен.
- Құрылыс және білім басқармаларының басшылары бөлінген қаражаттың игерілуін жеделдетуі тиіс. Жалпы, барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне аталған кемшіліктерді сәуір айының соңына дейін жоюды тапсырамын. Сауданы, әсіресе электронды сауданы дамытуға баса назар аудару қажет. Салықтарға келетін болсақ, бюджетті толықтырудың қосымша көздерін қарастырыңыздар. Бізге ең бастысы – күнделікті бақылау және жағдайды терең талдау жетіспейді, - деді Бердібек Сапарбаев басқосудың күн тәртібіндегі бірінші мәселені тиянақтап.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев наурыз айында аумақтарды абаттандыру мен санитарлық тазартудың екі айлығы басталғанын атап өтті. 19,9 мың көгалдар мен гүлзарлар отырғызу, 1088 шақырым каналдар мен арықтарды ретке келтіру жоспарланған. Жалпы, 102,9 мың ағаш көшетін отырғызу көзделсе, 10 сәуірдегі жағдай бойынша 111 мың көшет егіліп, көрсеткіш 107,8 пайызды құраған. Сондай-ақ, 748,5 шақырым арықтар мен каналдар тазартылыпты.
Алайда, барлық жерде жұмыс сапалы және жедел орындалды деуге келмейді. Құдайберген Қорғанбаев әр аудан мен Тараз қаласындағы қоқыс үйінділерін мысал ретінде слайд арқылы көрсетті. Сондай-ақ, ол жауапты құрылымдар тазалықты бұзушыларға әкімшілік шараларын аз қолданатынын айтып шағымданды. Айталық, барлығы 452 мың теңге көлемінде небары 14 айыппұл салынған десек, Кейбір арналар мен суару желілері әлі күнге жарамсыз күйде. Ол кемшіліктерді реттеуге екі күн мерзім беріліп, бұдан соң жұмыс топтары аталған аумақтарға қайта барып, тексермек.
- Әр аудан абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына түрлі көлемде қаржы бөлуде. Бұл орайда жұмсалған қаражат пен түпкілікті нәтиже сәйкес келе бермейді, - деп атап өтті аймақ басшысы.
Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет санитарлық тазартуға бағытталған 110 миллион теңгенің ішінен елді мекендерді абаттандыру шығындарын да қарастыратынын хабарлады.
Жамбыл ауданының басшысы Сәкен Арубаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолының бойында 20 гектар жерді көгалдандыру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысының елді мекендерінде 2025 жылға дейін 814,6 гектар жерге 970 мың түп ағаш отырғызылуы тиіс. Биылғы жоспарға сәйкес, 151,2 гектар аумаққа 179 мың көшет отырғызу қажет. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков бүгінгі таңда облыстың орман шаруашылықтары ұсынған 88,4 мың көшет орналастырылғанын жеткізді.
- Орман шаруашылықтарының басты міндеттерінің бірі – облыстың барлық аумағын көгалдандыру үшін көшеттерді дайындау. Бұл орайда экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен өзара тығыз қарым-қатынас орнату қажет. Мойынқұм ауданында елді мекендер мен ауыл шаруашылығы жерлеріне құмның ұшуына жол бермеу үшін сексеуіл отырғызу бойынша жүйелі жұмыстарды жолға қою керек. Тиісті құрылымдар бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылауға алуы тиіс, - деді аймақ басшысы.
Мойынқұм ауданында төрт орман шаруашылығы жұмыс істейді, олар аумақты көгалдандыруға белсенді көмектесуде. Осы себепті аудан әкімі Мәден Мұсаев мұнда тиісті жұмыстарға басқа аудандарға қарағанда әлдеқайда аз қаражат бөлінетіндігін хабарлады.
Экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев аудан әкімдерінің назарын ғарыштық мониторинг көрсеткен 39 стихиялық үйіндіні жоюға аударды.
Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев жергілікті тұрғындар қоқыс тастайтын 13 үлкен аумаққа алаңдаулы. Полигондарды жою механикаландырылған жасақтатардың көмегінсіз мүмкін емес. Сонымен қатар, ол қаңғыбас иттер мен мысықтарға қарсы күресті күшейту керектігін атап өтті және сақалды құрылыс мәселесін шешу үшін МСҚБ басқармасының тәжірибелі қызметкерін бөлуді сұрады.
Облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Әмзебек Жолшыбеков елді мекендерді санитарлық тазарту және абаттандыру бойынша жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілмейтініне назар аударды.
- Егер біз өңірімізде тазалық пен тәртіп орната алмасақ, туристік әлеуетті дамыту туралы сөз қозғау қаншалықты маңызды? Өйткені, ол біздің мәдениетіміз бен тәрбиеміздің деңгейімізді көрсетеді.
Барлық аудандарда жасыл желектендіру жоспары бірдей жүзеге асып отырған жоқ. Мысалы, Сарысу ауданында ол тек 13 пайызға орындалған. Аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстарына қоғамдық ұйымдарды, жастарды, волонтерлерді тарту қажет. Сенбілікке шығатындардың қарасы қалың емес, сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жандандыру маңызды.
Бүгінде көптеген ағаштар отырғызылып жатыр. Дегенмен, олар тамыр жайып, өніп кете ала ма, оны кім тұрақты суғарып, күтіп-баптайды? Сондықтан осы мәселеге айрықша көңіл бөліп, жасыл желектерге ұқыпты күтім жасауды ұйымдастыру – бүгінгі күннің басты міндеті, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Терроризмге қарсы комиссияның кезекті отырысы өтті
Ұқсас жаңалықтар
Анаға тағзым орталығында жеңімпазбен кездесу өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024
25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024