Жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке 5 бөлмелі пәтер мен автокөлік кілті сыйға берілді

Ал оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке 2 бөлмелі пәтер мен автокөліктің кілті сыйға тартылды

ХХХlll жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметовке құрмет көрсетіліп, Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Тараз» орталық стадионында гала-концерт ұйымдастырылды,  деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

Спорт шеберіне құрмет көрсету үшін 15 мыңға жуық жамбылдық жиналды.

Алдымен Елдос Сметов спорттағы жолы туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты шарада Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, Франция төрінде Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметов пен оның жеке жаттықтырушысына құрмет көрсетті.

 Ербол Шырақбайұлы Қазақ елін әлем алдында паш еткен небір сайыпқырандар, саңлақ спортшылардың дені – Әулиеата топырағынан түлеп ұшқанын да тілге тиек етті. 

Ербол Қарашөкеев төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты додасында топ жарған Елдос Сметовке облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен демеушілердің тарапынан Тараз қаласынан 5 бөлмелі пәтер (пентхаус) және соңғы үлгідегі (Lexus 600) автокөліктің кілтін табыстады.

Ал спорт саңлағының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке 2 бөлмелі пәтер мен автокөліктің (Hyundai Santa Fe) кілті берілді.

Салтанатты кеште сөз алған Елдос Сметов өзін қолдаған барша халыққа алғысын жеткізді. 

Салтанатты шарада Олимпиада чемпионының жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев те сөз алып, ортақ мақсат пен төккен тердің ақталғанын атап өтті.

Чемпионның құрметіне ұйымдастырылған кеш  эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мен отшашуға ұласты.