Олжас Бектенов Ақмола облысының индустриялық аймағының жобаларымен танысты
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 12:58
- 36
Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысында Президенттің өнеркәсіптік әлеуетті дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Олжас Бектенов Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру жөніндегі жобаларға арналған Kokshe Industry индустриялық аймағының дамуымен танысты. ИА аумағында жүзеге асып жатқан жаңа өндіріс нысандарын аралап көрді. Олардың қатарында "ММ Brick" ЖШС-нің кірпіш зауыты, "Содружество Казахстан" ЖШС-нің майлы дақылдарды қайта өңдеу кешені, "Кедентранссервис" АҚ-ның Қазақстан-Қытай құрғақ портын (логистикалық терминал) салу жобасы және тағы басқалар бар.
Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев индустриялық аймақтың жалпы ауданы 600 гектарды құрайтынын, қазіргі уақытта 2026-2027 жылдарға іске қосу жоспарланған, 670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, жалпы сомасы 22,7 млрд теңге болатын жобалар жүзеге асырылуда екенін баяндады. 2030 жылға дейін 520 млрд теңгеден астам сомаға 40-қа жуық инвестициялық жоба тарту көзделген. Индустриялық аймақтың инвестицияларды тарту және жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстарында негізгі платформа ретіндегі рөлі атап өтілді. Сонымен қатар, инженерлік және көлік инфрақұрылымын алдын ала жүргізу қажеттігіне назар аударылды.
"Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы" ЖШС алаңында Премьер-министр ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканы шығару бойынша кәсіпорынның өндірістік қуаттарын қарап шықты. Зауыттың ағымдағы қызметі мен даму жоспарлары туралы бас директор Олег Балыбин баяндады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 65 млрд теңгеге 4 мыңнан астам техника өндірді. Өндірісті кеңейту бойынша жобаның төртінші кезегі жүзеге асырылды: 3 млрд теңгеден астам инвестиция өндірісті жылына 5 мыңға дейін ұлғайтуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, өнімділікті арттыруға және отандық жеткізушілермен кооперацияны күшейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта индустриялық аймақ аумағында ауыл шаруашылығы, арнайы және коммуналдық техникаларды өндіру қуатын жылына 6 мың бірлікке дейін кеңейту жобасы жоспарлануда. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгеге дейін жетеді. Бүгінгі таңда кәсіпорында 400-ге жуық адам жұмыс істейді.
Премьер-министр индустриялық жобаларды жедел іске қосудың және машина жасаудағы локализациялау деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне және Ақмола облысының әкімдігіне "Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы" ЖШС өндірісін кеңейту жөніндегі жоспарларды қолдауды, инфрақұрылымды уақтылы жүргізуді және Kokshe Industry индустриялық аймағының аумағында инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді.




