Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысындағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту барысын тексерді
- авторjambylinfo.kz
- 14 ақпан, 2025
- 169

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов өңірдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысымен және жылумен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.
Аймақтағы басты нысандардың бірі – Петропавл 2-ЖЭО-да ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «СевКазЭнерго» АҚ бас директорының мәліметінше, негізгі техникалық жабдықтардың тозу деңгейі 57,3%-ды құрайды. Биыл станцияда №1 және №9 қазандықтар, сондай-ақ №3 және №6 турбиналар күрделі жөндеуден өтеді. Бұған қоса, төрт турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды.
Станциядағы маңызды жобалардың бірі – 180 метрлік №1 түтін мұржасының құрылысы, оны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар №3, №6 және №11 қазандықтар мен №7 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Кәсіпорын басшылығының ақпаратына сәйкес, 2-ЖЭО толықтай көмір және мазутпен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта қорда 183 мың тонна көмір мен 1833 тонна мазут бар, және отын жеткізу кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жылу электр орталығында уақтылы жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылыту маусымы қалыпты режимде өтуде. ҚР Энергетика министрлігі нысанды "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа шығаруды жоспарлап отыр.
Премьер-министрге «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 490 қазандық арқылы 363 медициналық мекеме, 585 оқу орны, 156 мәдениет және спорт нысаны, сондай-ақ 1435 көппәтерлі тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.
«Жылумен үздіксіз қамтамасыз ету Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Соңғы бір жылда еліміздегі 55 жылу көзі жаңғыртылды. Үкімет осы бағытта энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша инженерлік желілердің тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендеп, электр энергиясын өндіру қуаты 7,3 ГВт-қа артады деп болжануда. Сонымен қатар жобалар 3,5 мың жұмыс орнын ашуды көздейді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Таразда «Шаңырақ күні» перзентханадағы аналарға құрмет көрсетілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 16 наурыз, 2025