Өкінше қарай, біздің Жамбыл облысында да интернет-алаяқтық дерегі жыл сайын артпаса, азайып жатқан жоқ. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 ай қорытындысы бойынша өңірде интернет алаяқтық дерегінің тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда +202,3%-ға яғни, 213–тен 644-ке ал, ауыр санаттағы интернет алаяқтық дерегі 71-ден 279-ға жоғарылаған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Жамбыл облысы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полковнигі Валихан Ағыбаев мәлімдеді.
– Облыс прокуратурасымен бірлесіп интернет-алаяқтыққа қарсы «CyberShekteuTaraz» телеграмм-боты әзірленді. Қазіргі таңда аталған бот арқылы 500-ге жуық жалған мәлімет түсіп (интернеттегі қатерлі сілтемелер, алаяқтардың ұялы телефон нөмірлері, әлеуметтік желілер мен маркет-плейстарда жалған жарнамалар), оларды бұғаттау шаралары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Ұлттық Банк «Антифрод-орталығы» мүмкіншілігін пайдалану тәжірибесі күнделікті қолданылуда, аталған орталыққа күмән тудыратын 4115 банктік есепшот енгізіліп, оның 2242-сі бұғатталып, қалғаны қаралуда. Қазіргі таңда бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесінде қылмыскерлерге әртүрлі нөмерлерден қашықтықтан байланысу мүмкіндігін беретін 128 слоттық «СИМ-бокс» Тараз қаласы аумағынан анықталып, күдікті қамаққа алынып, оған қатысты тергеу жүргізілуде, – дейді құзырлы орган өкілі Валихан Самбетович.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы қазір интернет-алаяқтарға қылмыс жасауға көмектескен, яғни қаражаттарды есеп-шоттардан шешіп берген немесе біреулерге өз есеп-шоттарын пайдалануға берген азаматтардың (дропперлер) заң алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өтті.
– 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекске жаңа 232 – 1 бабы енгізілді. Бұл жерде Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қол жетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру бойынша жауапкершілік қарастырылған. Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай 232-1-бап мүлікті тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Ескерте кетететін жайт, осы бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған, бұл туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ осы құқық бұзушылықты ашуға немесе оның жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады, – дейді заң өкілі өз ойын тарқата келіп.
Айта кетейік, 2025 жылдың 30 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасында тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздар беру кезінде міндетті «салқындату» кезеңі енгізілді. Салқындату кезеңінің негізгі мақсаты – Қарыз алушыға шешім қабылдауға уақыт беру, осылайша қарыз шартын асығыс жасау немесе алаяқтық схемаларға тарту ықтималдығын азайту. Бұл орайда тұрғындарды өз есеп шоттарын өзге азаматтарға қолдануға мүлдем бермеуге және бөтеннің сұрауы бойынша есеп шоттардан қаражат шешпеуге шақырамыз!
Ескерту! Интернет-алаяқтық қылмыстары көп жағдайда қоңырау шалу арқылы жасалатындығын ескеріп, бөтен адамдардан түскен әрбір қоңырауларды өзін таныстырған мекемеге тікелей хабарласу арқылы немесе полиция басқармасының «Cyberpol» тобына 99-66-07 байланыс нөмеріне хабарласып тексеру сұралады.





