Жаңалықтар

ОРАЛДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ

ОРАЛДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ

Оралда тасқын қаупі күшейіп барады. Қала әкімінің орынбасары облыс орталығында төтенше жағдай режимі жарияланғанын мәлімдеді. Еріген қар суы 8 жеке тұрғын үй секторы мен 9 әлеуметтік нысанды шайып кетті. Тағы 8 көпқабатты баспананың жертөлесі суға толған. Ол ғимараттардың жетеуінде электр желілері уақытша ажыратылды. Қазір мыңға жуық абонент жарықсыз отыр. Тасқынға қарсы шараларға 100-ден астам адам мен 136 техника жұмылдырылған. Жертөлелерден шамамен 1 200 текше метр су шығарылды. Шаған мен Деркөл өзендерінің суы қалыпты деңгейден асып барады. Қала аумағындағы саяжайларда 20 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Мамандардың айтуынша, шаһарда 27 эвакуациялық пункт дайындалған. Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:  - Су көп көлемде келуіне байланысты канал өзінің нормасына сәйкес жұмысты атқара алған жоқ. Қазіргі уақытта су өткізуді жақсарту үшін Айтқұлов көшесіндегі жол кесілген болатын. Каналдан судың өтуі барысы қазір азайды. Сарытауға өзім барып келдім жаңа. Әлі жоғарыда жатқан қар бар, мұз бар. Бір медколледж, бірнеше мектеп, олимпиадалық резерв дайындау мектебі, НИШ, осындай мекемелер, олардың жертөлесі кетті. Бірақ сол күні қолымыздан келгенше көмектестік.