Қордай ауданына 11,9 миллиард теңге инвестиция тартылған
Қордай ауданында инвестиция 11,9 миллиард, құрылыс көлемі 1,3 миллиард, бөлшек сауда айналымының көлемі 9,3 миллиард, көтерме сауда айналымының көлемі 2,7 миллиард, ауыл шаруашылығы 8,4 миллиард теңгені құраған. Бұл туралы аудан әкімі Бегзат Болатбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Оның сөзінше, мемлекет тарапынан аудандық мұрағат, халыққа қызмет көрсету орталығы, Ауқатты мен Қарасу ауылдарында спорт кешені, Қарасу мен Бетқайнарда Мәдениет үйі, Сұлутөр мен Аңырақайда медициналық нысандар берілгенін айтты. Сондай-ақ, Ноғайбай мен Қарасу ауылында 2 ауыз су құбырының құрылысы толығымен аяқталып, қолданысқа берілген.
Бегзат Болатбеков жоспар бойынша 2025 жылға дейін ауданның барлық елді мекендері 100 пайыз табиғи газбен қамтылатынын, сонымен қатар аудан тұрғындарының пайдалануына жалпы 240 пәтер қолданысқа берілгенін айтты.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты екенін айтып, аймақтарды дамытуды тапсырған еді.