Жаңалықтар

Отбасында зардап шеккен 7,5 мың әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылды - Ахметжанов

Отбасында зардап шеккен 7,5 мың әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылды - Ахметжанов

Биыл отбасында зардап шеккен 7,5 мың әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жәбірленушімен жұмысты ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралды. Әйел-тергеушілердің мамандығы енгізілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ішкі резерв есебінен олардың саны екі есеге көбейтілді. Енді мұндай лауазымдар әрбір аудандық полиция бөлімшесінде бар. Жалпы, бұл бағытта министрлік 50 үкіметтік емес ұйыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды», - деді ол. Министрдің айтуынша, зардап шеккендерді әлеуметтік оңалтуға 57 дағдарыс орталығы көмек көрсетеді. «Биыл полиция өмірлік қиын жағдайға тап болған 7,5 мыңнан астам әйелді осы орталықтарға жіберді. Олардың 2 мыңнан астамы баспанаға орналасты. Дегенмен, орталықтардың саны жеткіліксіз. Мысалы, Шымкентте полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 11 мың хабарлама келіп түскен. Ал, ол жерде тек бір ғана дағдарыс орталығы бар. Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында да ұқсас жағдай. Абай және Қызылорда облыстарында мұндай орталық мүлдем жоқ», - деді Марат Ахметжанов. Ведомство басшысының айтуына қарағанда, әкімдіктер өңірлерде орталықтардың жұмысын ұйымдастыруды және осы бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұлғайту мәселесін қолға алу керек. Бұған дейін министр биыл отбасылық-тұрмыстық салада 668 қылмыс жасалғанын айтты.