
Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Ой шебері» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шара Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен, Жамбыл облысы білім басқармасы мен Т.Рысқұлов ауданы білім бөлімінің қолдауымен, Жамбыл облысы Азаматтық Альянсының ұйымдастыруымен өтті. Ойынға аудан бойынша 20 мектеп қатысты.
Зияткерлік сайысқа бес кітап таңдалып алынған:
1. Шерхан Мұртаза – «Бесеудің хаты»
2. Несіпбек Дәутайұлы – «Құдірет пен қасірет»
3. Қуандық Шолақ – «Кешіккен көктем»
4. Бауыржан Момышұлы – «Ұшқан ұя»
5. Әкім Тарази – «Тұлпардың ізі»
Салтанатты ашылу рәсімінде Т.Рысқұлов ауданы білім бөлімінің басшысы Мұрат Сванов, «Ой шебері» зияткерлік ойынының ұйымдастырушысы Исламбек Дастанұлы және ақын Қуандық Шолақтың немересі Ерсайын Қуандық сөз сөйледі.
Өз сөзінде Ерсайын Қуандық:
"Ақын боп өмір сүру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап, әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын."
– деп жырлаған Төлеген Айбергеновтің өлең жолдарын келтіріп, ақындықтың жауапкершілігі мен рухани биіктігін атап өтті. Сонымен қатар, өзінің атасы Қуандық Шолақтың шығармасы осындай жоба аясында қамтылғанына зор ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Ойын тартысты өтіп, 4 топ блиц-сайысқа қатысты. Барлық қатысушыларға естелік кітаптар табысталып, топ жетекшілеріне алғыс хаттар берілді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз