Мәжіліс депутаттары мен Вице-министр Жамбыл облысында ет өңдеу нысанының жұмысымен танысты

Бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев және Мәжіліс депутаттары Жамбыл облысына арнайы іссапармен келіп, өңірдегі мал шаруашылығы саласының дамуына назар аударды. Іссапар бағдарламасы аясында делегация ең алдымен ИП «Абдиев Т.» ет сою пунктінің жұмысымен танысты.
Мәжіліс депутаттарын кәсіпорын басшысы Талғат Абдиев қарсы алып, нысанның қызметімен егжей-тегжейлі таныстырды. Ол ет өңдеу процесінің барлық кезеңдерін көрсетіп, өндірістегі санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары туралы баяндады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сонымен қатар, кәсіпорынның аймақтағы мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға қосып отырған үлесі атап өтілді.
Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Вице-министр өндірістік нысанды аралау барысында бірқатар сұрақтар қойып, мал шаруашылығындағы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талқылады. Делегация ИП «Абдиев Т.» секілді шағын және орта бизнес субъектілерінің өңірлік экономика үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
Іссапар барысында қатысушылар саланың өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары бойынша пікір алмасты.