«Парыз – 2026» байқауына өтінім қабылдау басталды
Өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі.
Астанада 2026 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Байқау халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін қоғам алдындағы өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.
Мемлекеттің акциялары, жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдар байқауға қатысуға жіберілмейді.
Байқау төрт номинация бойынша өткізіледі:
«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын». Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады;
«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын». Бұл номинацияда еңбек қызметі барысында қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасайтын кәсіпорындардың қызметі бағаланады;
«Үздік ұжымдық шарт». Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартуға бағытталған ұжымдық шарттар қаралады;
«Экологияға қосқан үлесі үшін». Бұл номинацияда қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеуге бағытталған экологиялық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруда ерекшеленген үміткерлердің қызметі бағаланады.
Байқауға қатысу тегін. Үміткерлер өз материалдарын қағаз түрінде және электронды форматта жолдай алады.
Байқау жөнінде толық ақпаратты Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, сондай-ақ Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының байланыс телефондары арқылы алуға болады.