
ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Павлодар облысының кәсіпкерлерімен кездесіп, салық заңнамасындағы алдағы өзгерістерді таныстырды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ержан Біржановтың айтуынша, салық реформасы аясында еліміздің бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады.
Табысы жылына 15 млн теңгеге дейінгі жеке тұлғаларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті болмайды. Бұл шешім өз бетінше жұмыс істейтін көптеген азаматтарға, мысалы, курьерлер, такси жүргізушілері мен қолөнершілерге, агрегатор операторлары арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жаңа салық режимі бойынша табысы 15 млн теңгеге дейін болғандар үшін 4% аударым көзделген: екі пайызы зейнетақы жарналарына, бір пайызы медициналық сақтандыруға және тағы бір пайызы әлеуметтік аударымдарға бағытталады. Бұрын жеке табыс салығына кететін 1 пайыздың орнына, қазір бұл ақша болашақта зейнетақы мен әлеуметтік жинақ ретінде қалады.
Табыс шегінен асқан жағдайда кәсіпкерлер ҚҚС төлеуші мәртебесіне ауысуға міндетті болады.
Ержан Біржанов салық жүктемесінің артқанына қарамастан, ауылшаруашылық өнімдеріне салық салынбайтынын және бөлшек сауда салығы өзгеріссіз қалатынын айтты. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі тиімсіз салық жеңілдіктерін қысқартуды, жоғары табысты азаматтар үшін жеке табыс салығы бойынша сараланған мөлшерлемелер енгізуді қарастырып отыр.
Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін арттыруды талқылауда, бұл ұлттық қордың тұрақтылығын сақтап, мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Жобалар қатарына ауылшаруашылық өнімдерін дамыту, ел қорғанысына, ТКШ жаңғырту, жылу және газ жүйелерін дамыту, өңдеу өнеркәсібі мен сумен жабдықтау мәселелері кіреді.
Салық реформаларын ұсына отырып, Үкімет бизнесті қолдау мен бюджеттік кірістерді ұлғайту арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысуда. Кездесуде жергілікті кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдіріп, реформаларды одан әрі жетілдіру үшін пікір алмасты.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз