Жаңалықтар

Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылды

Астана қалалық соты қайырымдылыққа жиналған қаражатты жымқырды деген айыппен Перизат Қайратқа үкім шығарды.

Қоғам белсендісі Қылмыстық кодекстің:
– 190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы – «Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық»;
– 218-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)»;
– 218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы – «Аса ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті адамдар тобының заңдастыруы (жылыстатуы)» баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Осылайша Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мемлекеттік айыптаушы үш эпизодты бөліп көрсетті. Алғашқысы мүгедектігі бар балаларға көмек көрсету, екіншісі Таяу Шығыста зардап шеккендерге көмек және Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге арналған жиналған қаражат.

Перизат Қайраттың соттағы жауабы жабық режимде көрсетілді. Гайни Алашбаева жауап беруден бас тартты. Сондай-ақ, қоғам белсендісі сот жарыссөзінде және соңғы сөз сөйлеген кезде, БАҚ өкілдері залға кіргізілмеді. Оның қорғаушысы сөйлеген отырыстар да жабық түрде өтті. Алайда бұған дейін қорғаушы Асланбек Дәулетияров журналистерге өз сөзінде бұл іске қатысты бұлтартпас дәлелдер келтіретінін мәлімдеген болатын.

Сот процесінің басында қоғам белсендісі тағылған айыптармен келіспейтінін және өз кінәсіздігін дәлелдеуге ниетті екенін жеткізді.