Жаңалықтар

Петропавлда тағы да су құбыры жарылды

Петропавлда тағы да су құбыры жарылды

Петропавлда түнде суық су құбыры жарылып, апат болды. Салдарынан таңертең бірнеше шағын ауданда су болмады, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. Таңғы сағат 4.00 шамасында Петропавл әкімі Руслан Аңбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасында жазба пайда болып, қала басшысы облыс орталығында тағы да су құбыры жарылғанын мәлімдеді. «Түнде Петропавлдағы 314-ші атқыштар дивизиясында су құбыры жарылды. Қазіргі уақытта учаскеде жұмыстар басталып кетті. Барлық күш жұмылдырылды. Су қысымы алдағы бірнеше сағаттың ішінде қалпына келеді. Жұмыс барысын бақылауда ұстап отырмын», - деп жазды Руслан Аңбаев. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, түнде 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде диаметрі 800 мм суық су құбыры жарылған. Қазіргі уақытта ақау шыққан жер анықталды. Оқиға орнында «Қызылжар су» ЖШС авариялық бригадасы жұмыс істеп жатыр. Осы апатқа байланысты Петропавлға Бескөл елді мекені жағынан кіре беріс жабылды. Мамандардың айтуынша, арнайы техника шығарылып, су сору жұмысы жүргізіліп жатыр. «Қызылжар Су» ЖШС-нің баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылған су құбырының пайдалануға берілгеніне небары 15 жыл болған. Яғни, әлі ескіре қоймаған. Қазіргі уақытта Петропавлдың барлық ауданында су бар. Тек апатқа жақын орналасқан Жұмысшы кенті мен «Береке» шағын ауданында су қысымы төмендеген.Естеріңізге салайық, 1 желтоқсан күні Петропавлдағы М.Жұмабаев көшесінде диаметрі 800 мм су құбыры жарылып, 15 көп қабатты үй мен әлеуметтік, комерциялық нысандар тәулікке жуық сусыз отырды.