Петропавлдық егіздер Павел мен Александр 12 жылдан бері ораза ұстап жүр
Петропавлдық егіздер Павел мен Александр 12 жылдан бері ораза ұстап жүр
Петропавлдық егіздер Павел мен Александр Ляшенко 12 жылдан бері ораза ұстап жүр. Жігіттер биыл да жылдағы дәстүрге сай ауыз бекітті. Енді егіздер Ислам дінін қабылдамақ ниетте. Жұбы жазылмайтын бауырлар бір ұжымда жұмыс істейді. Спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта еркін күрестен бала жаттықтырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. «ЖАНЫМ МҰСЫЛМАН ЕКЕНІН СЕЗЕМІН» Павел мен Александр М.Жұмабаев ауданы Возвышенка ауылында дүниеге келген. Бір қарағаннан егіздерді айыру қиын. Екеуі де Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде білім алған. Достарының бәрі мұсылман болғандықтан ислам діні қызықтырғанын айтады. «Бізге ораза ұстауды Жаратқанның өзі нәсіп еткен болар. Жаным мұсылман екенін сеземін. Бірақ күніне 5 рет намаз оқымаймын. Дінді ресми түрде қабылдамақпын. Қазір жастар арасында мұсылман діні сәнге айналғандай. Ешкімді сөгуге қақым жоқ. Дегенмен, көбі Исламға келіп жатады, алайда шариғат заңдарын сақтамайды. Дін жеңіл-желпі дүние емес. Оған кәдімгідей ақылмен, санамен келу керек деп ойлаймын. Бірінші рет ауыз бекіткенде қиналдық. Бірақ спортшы бәріне төзуге міндетті. Алғаш рет жай ғана өзімізді сынап көрмек болдық. Қатты ұнады. Өзіңді өте жеңіл сезінесің. Иықтан ауыр кір тастарын алып тастағандай сезімде болдым. Бұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр адам өз басынан өткеріп көруі керек. Кейін ораза ұстау біз үшін жазылмаған заңға айналды. Анда-санда сәрегісе ұйықтап қалып жататын кездеріміз болады. Оразаны бұзбай-ақ ауыз бекітуді әрі жалғастырамыз», - дейді Павел.