Пилоттық жоба халық игілігі үшін
Мемлекетіміздің басты қазынасы – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жамбылдық шаруаларға жаңа ауыл шаруашылығы техникалары табысталды. Биыл мол өнім алып, қоймаларға астықты артығымен жинаған диқандар үшін жаңа техникалардың қажеттілігі зор. Себебі, өңірдегі мыңнан астам трактордың пайдалану мерзімі он жылдан асып кеткен. Оған қоса ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында жаңа жедел жәрдем көліктері де ел игілігіне берілді.
Аграрлық аймақта жер ырысын ел ырысына айналдырып жүрген шаруалар үшін бұл көптен күткен қуаныш. Осыған дейін тамшылатып суғару технологиялары арқылы биыл өңірде кейбір өнімдерді жинау рекордтық көрсеткішке жетті. Мерекеге орай берілген жаңа техникалар шаруаларды жігерлендіріп, тағы да мол өнім жинауға мүмкіндік береді десек артық айтқандық болмас. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов шаруалардың еңбегіне табыс тілеп, су жаңа 24 техниканың кілтін салтанатты түрде тапсырды.
– Ағымдағы жылы облыстағы техникаларды жаңарту мақсатында 1355 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 11 пайызға жаңартылып отыр. Осы алынған техникаларға инвестициялық субсидия арқылы 1 848,0 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, алынған техника құнының 25-30 пайызы төленіп берілді. Бүгін міне, пилоттық жобаның екінші кезеңі халық игілігі үшін жұмыс істеп отырғанына куә болып, 10 ауылдық округте құрылған кооперативтерге су жаңа тракторларды табыстағалы отырмыз. Бұл кооперативтер алдағы көктемгі дала жұмыстарына дейін құны 1,1 миллиард теңгеге 131 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алып, 6 мың гектардан астам егістік жерлерді игеретін болады. Айта кету керек, бүгінгі берілетін техникалардың жалпы құны 303 миллион теңгені құраса, трактор құнының 50 пайызға дейінгі көлемі мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл жетістіктерге тоқталып қалмай, әрі қарай дамытып, тұрғындардың табысын арттыру үшін өз өндірісімізді құруымыз қажет. 2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны кеңейту шеңберінде біздің өңірге 11,5 миллиард теңге қарастырылуда.
Жобаға тағы да 22 ауылдық округ енгізіліп, онда 3 мыңнан астам жоба қаржыландырылатын болады. Келесі жылы тағы да әр ауданнан екі ауылдық округке біз тура осындай жұмыстарды атқарамыз. Техника алып береміз, содан кейін өзіміздің тұрғындарға 2,5 пайызбен несие береміз. 2025 жылға дейін бүкіл 156 ауылдық округті біз осы жұмыстармен қамтамасыз етуіміз керек, – деді облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы.
Бұл өңірімізде 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының жемісті жалғасының нәтижесі. Биылғы жылы жобаның жалғасы ретінде өткен жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ енгізіліп, 253 жоба іске асырылған. Сондай-ақ 177,5 миллион теңгені құрайтын 28 дана ауыл шаруашылығы техникасы лизинг жүйесімен берілген. Шара барысында аймақ басшысы кооператив төрағаларына 303,0 миллион теңгені құрайтын 18 дана «Ловол», «Зумлион», «ЮТО», «МТЗ» маркалы тракторларын және Меркі, Жуалы, Жамбыл аудандарының шаруаларына жеңілдетілген лизингпен берілген 6 дана ауыл шаруашылығы техникасын табыстады.
«Техникаларымыздың жаңарғанына шын жүректен қуаныштымыз. Көктемгі дала жұмыстарына енді сақадай сай дайынбыз. Біз бұған дейін де бір трактор алған болатынбыз. Оның қарызын толығымен төлеп біттік. Бүгінгі техникамен қосқанда шаруа қожалығымызда үш трактор бар. Жұмысымызды одан әрі жандандыруға барымызды саламыз», – дейді Меркі ауданындағы «Бірлік» шаруа қожалығының төрағасы Ербол Құлбаев.
Дәл осы күні шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында жаңадан 12 жедел жәрдем көлігі ел игілігіне берілді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров ақ халатты абзал жандардың игі ісіне табыс тілеп, өңірдегі денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айрықша атап өтіп, су жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілтін салтанатты түрде тапсырды.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова жаңа көліктер аудандардағы ескі көліктерді алмастырып, бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табатынын жеткізді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала