Жаңалықтар

Президент Абай облысының өрт сөндірушілерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

Президент Абай облысының өрт сөндірушілерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы орман өртін сөндіру кезінде қаза болған және зардап шеккен өрт сөндірушілерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды. Атап айтсақ,Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 14 өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері Тоғызбаев Айдос Ерұланұлы қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен; Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 14 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Тұрлыбеков Амангелді Айтмұхашұлы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен; Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 14 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Нұрлан Сәлімжан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Еске салайық, кеше ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев дала өртін сөндіру кезінде күйік шалып, қаза тапқан өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасына ҚР Президентінің атынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады. Сонымен қатар бағалы сыйлықтар мен 3 бөлмелі пәтердің сертификаты берілді. Азаматтық қорғау сержанты А.Тоғызбаев азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдың сәуір айынан бері қызмет атқарды. Сондай-ақ вице-министр Марат Күлдіков Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасында жатқан Амангелді Тұрлыбековтың жағдайын біліп, ІІІ-дәрежелі «Айбын» орденін табыстады. Қызметкердің қазіргі жағдайы қалыпты. Бірақ әлі де ауыр. Вице-министр Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына да барып, түрлі дәрежедегі күйік жарақатын алған Нұрлан Сәлімжанның жағдайын біліп қайтты. Құтқарушыға мемлекеттік награда «Ерлігі үшін» медалі табысталды. Сонымен қатар Бақыршық әскери-құтқару бөлімшесінің маманы Қуат Байғазиновке облыс әкімінің алғыс хаты жолданды. Жарма ауданында болған дала өрті кезінде Қуат Байғазинов өрт сөндіруші Айдос Тоқызбаевқа жедел жәрдем мамандары келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсеткен.