Президент «Аквашаруашылық туралы» ҚР Заңына қол қойды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Аквашаруашылық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ақорданың хабарлауынша, заңның мақсаты – жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, бәсекеге қабілетті аквашаруашылық нысандарын көбейту, сондай-ақ қоршаған ортаға және адам өмірі мен денсаулығына қауіпсіз ету арқылы аквашаруашылықты тұрақты дамыту.
Құжатқа жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту мақсатында инвестициялық жобаларды ғылыми сүйемелдеу енгізілді. Соның нәтижесінде бюджет қаражаты есебінен бизнеске ақпараттық-талдамалық және ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Заңда аквашаруашылық субъектілері жүзеге асыратын қызмет түрлері, сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындары мен осындай қызметті жүзеге асыруға арналған учаскелер (халықаралық, республикалық және жергілікті) нақты бөлінген.
Сонымен қатар аквашаруашылық саласына мемлекеттік бақылау енгізілді. Бұл жануарлар дүниесін қорғау, оның өсімін молайту және пайдалану бағытындағы бақылаудың бір бөлігі саналады.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.