Жаңалықтар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясына қатысты
- авторjambylinfo.kz
- 8 маусым, 2023
- 172
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясына қатысты
Дөңгелек үстел форматында өткен пленарлық сессияда жоғары мәртебелі делегаттар әлемдік экономикадағы, сауда және саясаттағы жаһандық үдерістерді талқылады. Сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік секілді түйткілдердің шешу жолдарын егжей-тегжейлі қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумның төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле, ХВҚ Басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО ұйымының атқарушы директоры Армида Салсиа Алисджабана сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш форум қатысушыларына видеоүндеу жолдады. Пленарлық отырысты белгілі CNN журналисті Ричард Квест жүргізіп отырды.
Форум қатысушалары алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осы жиынға қатысу үшін елімізге арнайы келген Қатар Әміріне, Қырғызстан Президентіне, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне ризашылығын білдірді.
Президент жаһандық экономиканың қазіргі жай-күйі мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасу үшін аталған форумның маңызы зор екенін атап өтті.
«Бұл – халықаралық серіктестіктің шынайы мән-маңызын айқындайтын жолдың бірі. Осы Форумды бастай отырып, стратегиялық серіктесіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымына және оның ХВҚ, ЮНЕСКО, БҰҰДБ, ДСҰ, ЭСКАТО секілді ұйымдарына, басқа да халықаралық институттарға, сондай-ақ ақпараттық әріптесіміз – CNN-ге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер», – деді Мемлекет басшысы.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз