Президент Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады
Бұл туралы Ақорда хабарлады
Кездесуде Динара Зәкиева Қасым-Жомарт Тоқаевқа бір жыл ішінде балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген, деп жазады jambylinfo.kz.
Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілгенін және балаларға қатысты зорлықтың кез келген түріне жаза қатаңдатылғанын атап өтіп, Заңға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен азаматтық қоғам секторы бірлесе ұсынған нормалар топтамасы енгенін тілге тиек еткен.
Ал Динара Зәкиеваның айтуынша, қазір аталған заңнамалық нормаларды нақты жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс жүріп жатыр.
Сондай-ақ, оның сөзінше, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен серіктестік негізде 6 аутизм орталығы, 11 өңірлік оңалту орталығы ашылған.
Өз кезегінде Президент құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру және оқушылар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау маңызды екенін айтып, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес Біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленгенін еске салған.