Жаңалықтар

Президент сайлауы: Әлихан Смайылов Үкіметтің 7 жылдағы басты міндетін атады

Президент сайлауы: Әлихан Смайылов Үкіметтің 7 жылдағы басты міндетін атады

Премьер-министр Әлихан Смайылов кезектен тыс президент сайлауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жеткенін айтты, деп хабарлады Жамбылинфо  Halyq Uni сайтына сілтеме жасап. «20 қарашада елімізде президент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Оның кандидатурасын парламенттегі партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдарды біріктірген халықтық коалиция ұсынған. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасына Қазақстан халқы жаппай өз қолдауын білдірді», – деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында. Ол Үкіметтің алдағы 7 жылдағы міндеті – сайланған мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі нәтижелі іске асыру екенін атап өтті. Қазақстанда 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтті. Ел президенттігіне алты азамат кандидат болды. 21 қарашада Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады.

  • Қарақат Әбден – 2,6% (206 206 адам дауыс берген);
  • Нұрлан Әуесбаев – 2,22% (176 116 адам);
  • Жигули Дайрабаев – 3,42% (271 641 адам);
  • Мейрам Қажыкен – 2,53% (200 907 адам);
  • Қасым-Жомарт Тоқаев – 81,31% (6 456 392 адам);
  • Салтанат Тұрсынбекова – 2,12% (168 731 адам);
  • Бәріне қарсымын – 5,8% (460 484 адам).

Нақтыланған сайлаушылар тізіміне сай, жалпы сайлаушылар саны – 11 953 465 адам. Оның 8 300 046-сы немесе 69,44%-ы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды. Шетелде 11 360 азамат дауыс берді, бұл дауыс берушілердің 88,47%-ы.