Президент Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады
- авторСадуақас Айсұлу
- 21 ақпан, 2025
- 223

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, палатаның өткен жылғы қызметінің қорытындылары мен биылғы жоспарларын тыңдады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әлихан Смайыловтың мәліметінше, былтыр 214 нысанда құны 11 триллион теңгеге жуық 27 аудиторлық іс-шара өткізілген. Нәтижесінде, жалпы сомасы 862 миллиард теңгені құрайтын түрлі заңбұзушылықтар анықталып, бюджетке 135 миллиард теңге қайтарылған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда бес есе көп.
Аудит барысында құрылыс, өңдеу өнеркәсібін қаржыландыру және ауыл шаруашылығын субсидиялау салаларында кемшіліктер кеткені анықталған. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Үкіметке ұсынымдар беріп, жауапты органдарға заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жолдаған.
Биыл 40-тан астам аудиторлық тексеру жоспарланған. Ал, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана мен Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазатомөнеркәсіп», KEGOC, Ұлттық банк және Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалуы тексеріледі. Сондай-ақ, ғылым, қорғаныс, құқықтық тәртіп, спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету және орман шаруашылығы салаларында тексерістер жүргізілмек.
Президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіруді тапсырды және бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету үшін цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына назар аударды.