дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент жолдауындағы міндеттер іс жүзінде

Президент жолдауындағы міндеттер іс жүзінде
ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталған болатын. Баянды бастама аясында облысымызда 9 500 орындық 12 мектеп салу жоспарланып отыр. Ұлттық жоба бойынша салынатын білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін түбегейлі шешуге сеп болмақ. Бұл туралы Президент өз Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» деген болатын.

«Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, жалпы Қазақстан бойынша 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 369 мектептің құрылысы жоспарланған. Осының арқасында 740 мыңға жуық жаңа оқушы орны ашылып, үш ауысымды оқыту, оқушы орындарының тапшылығы және апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі шешіледі. Мектептердің құрылысына жауапты бірыңғай дирекция болып табылатын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша 208 нысан биыл қолданысқа беріледі.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,3 триллион теңге. Ең көп жайлы мектептер оқушы орындарының тапшылығы қатты сезілетін Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында салынады.Электронды платформада өткізілген ашық конкурстардың нәтижесінде еліміз бойынша жайлы мектептердің құрылысына жауапты 92 компания анықталған. Олар толық көлемде аванстық төлемдермен, эскроу шот арқылы материалдармен қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстары директивті кестеге сай жүріп жатыр. 

Жоспарға сәйкес биыл Байзақ ауданында – 1, Қордай ауданында – 2, Тараз қаласында – 4, яғни 7 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Заманауи талапқа сай білім ордасының бірі Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында салынуда. Жоспар бойынша мектеп құрылысы 31 тамызға дейін аяқталуы тиіс.Білім ордасының құрылысы тура 1 жыл бұрын басталған. Ауылдағы мектеп жасындағы балалардың санына байланысты 600 оқушыға есептелген. Мұнда аты айтып тұрғандай оқушының жайлы ортада білім алуына барлық жағдай жасалады.

– Жалпы жайлы мектептер озық стем-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореографиялық зал, демалыс және коворкинг аймақтарымен жабдықталады. Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады.

Ал ауданы 15-20 пайызға кең болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта (пандустар, кең есіктер, бөлек дәретхана, лифтілер), озық қауіпсіздік әрі бақылау-өткізу жүйелері қарастырылған.

Ал әр мектептің ауласында стандарттарға сай келетін стадион, спорттық және балалар алаңқайы орналасады. Еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарындағы білім ошақтары хоккей кортымен қамтамасыз етіледі. Осылайша, жайлы мектептердің спорт алаңында аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік болады. Ең бастысы, Қазақстан бойынша қалалар мен ауылдардағы мектептердің бәрі бірдей болады. Балаларға бірдей жағдай жасалады, – дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның облыс бойынша өңірлік басшысы Қанат Мұрбеков. 

Құрылыс барысында жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы платформа жұмыс істейді. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылып отыр. Электронды жүйе құрылыстың барлық кезеңін ашық бақылауға мүмкіндік береді.

– 13 мамыр күні «Bitrix» кросс-платформасымен біріктірілген «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесінде алғашқы электронды атқарылған жұмыстардың актісіне қол қойылды. Осылайша, біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша құжат айналымын толықтай электрондық форматқа ауыстырдық. Яғни, енді қағазбастылықты ұмытуға болады. Бұл отандық құрылыс саласы үшін үлкен серпіліс. «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесінде барлық процесстер цифрландырылды. Сондықтан жобадан ауытқуға, орындалмаған жұмыстарды қабылдауға жол берілмейді. Барлық актілер автоматты түрде жасақталады. Тиісті құжаттар мен фотосуреттердің бәрі электронды форматта жүйеге жүктеліп, электронды акт жасалмайынша, мердігерлерге бір тиын да төлем жасалмайды. Бұл сыбайлас жемқорлық пен «бейресми қарым-қатынастар» сынды қауіп-қатерлерді болдырмайды, ал құрылыс процесі барынша ашық жүргізіледі, – дейді Қанат Жорабекұлы. 

Сарыкемер ауылындағы білім нысанының басым бөлігінде бетон құю жұмыстары аяқталып, мектептің қаңқасы тұрғызылған. Қазір ішін әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау, инженерлік желілерді тарту, ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 2024 жылдың бірінші қыркүйегінде 2 нысан пайдалануға беріледі. Қалған мектептер желтоқсан айында халық игілігіне тапсырылады.

Ал жайлы мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылған. Яғни, жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Бір сөзбен айтқанда, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң болып тұр. Мәселен Сарыкемер ауылындағы білім ошағының құрылысын салада 25 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 

– Қазір мұнда 145 адам жұмыс істеуде. Ішкі әрлеу жұмыстары 80 пайызға аяқталды десек болады. Сонымен бірге линолеум төсеу, паркет, кафель жапсыру жұмыстары да басталып кетті. Келесі айдың ортасына дейін жұмыс толықтай бітеді деп жоспарлап отырмыз. Қыркүйек айында толық өткіземіз. Сонымен қатар брусчатка төселіп, бордюрлар орнатылуда. Балалар ойнайтын алаңдардың да құрылысы 50 пайызға аяқталды, – дейді серіктестіктің бас инженері Қайрат Таубалдиев.


Расымен, алыстан менмұндалап тұрған жаңа ғимараттың сыртқы көрінісі ерекше. Мамандардың айтуынша, сейсмикалық жағдайға байланысты облыстағы мектептердің биіктігі 3 қабаттан аспайды. 

– Құрылыс басында 12 үлкенді-кішілі техника жүр. Материалдардың сапасы өте жақсы. Жұмыс нысанның барлық аумағында қарқынды жүруде. Мен техникалық қадағалаушы болғандықтан, әрбір атқарылған жұмыстың сапасын мұқият қадағалап жүрмін. Сапасы жаман емес, – дейді техникалық бақылаушы Қайрат Шаданов.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі – жабдықталуында. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның облыс бойынша өңірлік басшысы Қанат Мұрбековтің айтуынша, жайлы мектептердің қалыпты мектептерден бір айырмашылығы – бастауыш сыныптар мен ересек сыныптардың кіріп-шығатын есігі жеке болады. Яғни, әртүрлі блокта орналасады. Олар бір-бірімен мектеп ішінде кездесе алмайды.

Бастауыш сынып оқушыларының өз спортзалы, дәретханасы, асханасы болады. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар қарастырылған.Жарқын жобаның тағы бір айта кетерлік тұсы, оны жүзеге асыру барысында отандық тауар өндірушілерді қолдауға барынша көңіл бөлінген. Яғни жайлы мектептерге арналған жиһаз толық отандық тауар өндірушілерден сатып алынады. 

– Гипсокартон, цемент, керамогранит, кафель, басқа да құрылыс материалдарының барлығы отандық өндірушілерден сатып алынған. Бұдан бөлек тақта-парталар секілді бұйымдар, жиһаздар да отандық өндірушілердің өнімдері. Арматура, швельер секілді темір бұйымдары Ресейден, интерактивті тақталар Қытайдан жеткізіледі. Елімізде өндірілмейтін құрылыс материалдары, басқа да керек-жарақтар ғана шетелден әкелінеді. Жұмысқа да жергілікті тұрғындар тартылған.

Яғни көбісі Байзақ ауданынан және Тараз қаласынан келіп, жұмыс істеп, нәпақаларын табуда.Жалпы ғимарат тұрғызылып, еңсесін тіктей бастағанда облыс әкімдігінің білім басқармасымен бірігіп арнайы комиссиялық топ құрып, жиһаздардың түсіне, сапасына байланысты ақылдасқан болатынбыз. Талқылауда облыс бойынша 12 мектеп соғылса, барлығының парталары бір типтік, бір түсті болады деп шешілді. Жиһаздар да бірдей болады деп бірауыздан келісілді, – деді Қанат Жорабекұлы.


Ұлттық жоба аясында келесі жылы Тараз қаласы мен өзге де аудандарда тағы 5 мектеп бой көтереді деп жоспарланып отыр. 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар