Жаңалықтар

Президенттің Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуі шегерілді – спортшылардан COVID анықталды

Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді

15 тамызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездеседі деп жоспарланған болатын. Бірақ бұл іс-шара кейінге шегерілді. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды Jambylinfo kz

Kazinform-ның жазуынша, Б. Уәли Президенттің Париж Олимпиадасының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесуі не себепті кейінге шегерілгенін түсіндірді.

«Өздеріңізге белгілі, Президент кеше Париж Олимпиадасының жүлдегерлері мен бапкерлер құрамын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрама мүшелерімен бүгін кездесуді жоспарлаған болатын. Өкінішке қарай, атлеттер мен жаттықтырушылардың жартысынан коронавирус инфекциясы анықталды. Сол себепті кездесу кейінге шегерілді. Спортшылар мен бапкерлердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз», - деді ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Олимпиада жүлдегерлерін міндетті түрде қабылдайды. Кездесу тамыз айының соңында Ақордада өтеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 14 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Қазақстан ұлттық құрамасының бір топ спортшысы мен бапкерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды