ҚР-да мәдениет және білім саласындағы заңнамалық өзгерістер
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады
Бұл туралы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл заңның басты мақсаты мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтіп, оның мәртебесін нығайту, баланың құқықтарын қорғау және білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы жақсарту болып табылады.
Құжатта «Мәдениет туралы» ҚР Заңына қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құру, қазақ тілінің барлық стильдері мен жанрларынан мәтіндерді қамтитын Қазақ тілінің ұлттық корпусын қалыптастыру, сондай-ақ қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау үшін жасанды нейрондық желі негізіндегі ауқымды тіл моделін қалыптастыру ұсынылады.
Сонымен қатар «Білім туралы» ҚР Заңында дарынды оқушыларға арналған халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне конкурстан тыс мемлекеттік білім гранттарын беру қарастырылады.
Осы заңның қабылдануы мемлекеттік тілді дамытуға және білім беру саласындағы заңнаманың сапасын арттыруға ықпал етеді.
Бақытжан Бекболат