Жаңалықтар

ҚР Үкіметінде қазақ-серб ынтымақтастығын кеңейту жөніндегі уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды

ҚР Үкіметінде Сербия Президенті Александр Вучич пен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің кездесуі өтті.

Онда жоғары деңгейде жүргізілген келіссөздер аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Инвестициялар, көлік және логистика, цифрлық сала және ЖИ, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру және тағы да басқа салалардағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.

Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанмен энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, құрылыс, азаматтық авиация, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар, сондай-ақ білім беру сияқты перспективалы бағыттар бойынша әріптестікті дамытуға ұмтылысын растады.

Кездесу барысында Сербиямен цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту ісінің үлкен әлеуеті атап өтілді. Қазақстанда Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында заманауи цифрлық экожүйе қалыптасуда. Орталық Азияда екі суперкомпьютер кластері іске қосылды, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды, CryptoCity пилоттық аймағы және тағы да басқа да жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Көлік интеграциясы мәселелері талқылау кезінде Орта дәлізді дамытуға және Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңа инфрақұрылымды салу жұмыстарына, оның ішінде теміржол және автокөлік желілері, теңіз терминалдары және халықаралық авиациялық хабтарды құруға ерекше назар аударылды.

Агроөнеркәсіп секторындағы, оның ішінде селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы әріптестікті тереңдету перспективалары да атап өтілді. Олжас Бектенов қазақстандық өндірушілердің жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең ассортиментін экспорттауға және қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастыққа дайын екендігін атап өтті.

Белградта өтетін EXPO 2027 көрмесін ескере отырып, қазақстандық тарап Сербиямен 2017 жылы Астанада мамандандырылған көрмені өткізу кезінде жинақтаған тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Сербия Президенті Александр Вучич барлық перспективалы бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты серпінді дамыту мен нығайтуға бейілді екенін білдірді.