ҚР Туризм және спорт министрі Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президентімен кездесті
- авторИндира Тәліпқызы
- Бүгін, 16:22
- 34
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Джалуд Әл-Шаммари және Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Юсеф Әл-Манамен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Тараптар жуырда ғана Бахрейн астанасы Манамада мәресіне жеткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатындағы қазақ спортшыларының жетістіктерін талқылап, отандық ауыр атлетиканы дамытудағы ынтымақтастық бағыттарын айқындады. Сонымен қатар аталған спорт түрінен Қазақстан кубогі жарысын ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылды. Бұл турнир жаңа таланттарды анықтауға және ұлттық құраманың халықаралық аренадағы беделін арттыратын маңызды жарыстардың бірі болмақ.
Жиында 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпия ойындарында ерлер мен әйелдер арасында салмақ дәрежелерінің санын жетіге дейін көбейту, сондай-ақ допингке қарсы күрес мәселесі талқыланды. Тараптар тыйым салынған препараттарға қатаң бақылау енгізудің және спортшыларға арналған білім беру бағдарламаларын жетілдірудің маңызын атап өтті.
«Қазіргі таңда елімізде ауыр атлетикамен жүйелі түрде 20 мыңнан астам адам айналысады. Спортшыларды даярлау үшін 450 жаттықтырушы қызмет етеді. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт мектеп-интернаттары мен олимпиадалық резервті дайындау өңірлік орталықтарының жұмысы өз нәтижесін беруде», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.
Жиын соңында тараптар алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты нығайтуға, ауыр атлетика спортын кеңінен насихаттауға және спортшылардың жағдайын жақсартуға ниетті екендігін жеткізді.