дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 15:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

"Референдум – халыққа артылған сенім" - депутат

"Референдум – халыққа артылған сенім" - депутат
Фото - ашық дереккөзден
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков жамбылдықтарды 6 қазанда өтетін жалпыхалықтық референдумға белсене қатысуға шақырды.

Жамбыл облысы Байзақ ауданына іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков ел тағдыры үшін маңызды шешім қабылдар тұста жұдырықтай жұмылып сенім үдесінен шығу аса маңызды екенін айтты– деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Бекболат Серікбекұлы мен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов алдымен Сарыкемер ауылының күнбатыс жағындағы «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға  жақын екенін көрген Б.Орынбеков оның сапасына, халыққа жайлылығына баса мән беру керектігін ескертті. Сонымен қатар Бекболат Серікбекұлы Сарыкемер ауылында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, нысанның құрылысы түрлі себептерге байланысты кешеуілдеп жатқанын сынға алды. Мердігер компания – «Bek stroy – 2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты мамандарына жұмыстарын сапалы орындап, нысанды уақытында пайдалануға беруді тапсырды. Олар спорт кешені осы жылдың 28 қазанында пайдалануға берілетініне сендірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», – деп, Үкіметке нақты міндеттер жүктеген болатын. Б.Орынбеков Жолдау жүктеген міндеттер аясында Сарыкемер ауылында ашылған жайлы мектепке ат басын бұрды. Мектеп директоры Гүлмира Есентаева алдымен қонаққа жаңа білім ошағының жұмысы туралы жан-жақты хабар беріп, мектеп ішін аралатып көрсетті. Бекболат Серікбекұлы пән кабинеттерін аралап, асхана, мәжіліс залы, спортзалда болып, сәнді де сәулетті мектеп құрылысына, оның жабдықталуына ризашылығын білдірді.

Бүгінде мектепте 600-ге жуық оқушы сапалы білім, саналы тәрбие алып жатса, күні ертең-ақ мектеп жанындағы 5 қабатты 240 пәтерлі төрт үйдің пайдалануға берілуіне байланысты бала саны еселеп артатыны да айтылып қалды. Сапар барысында Б.Орынбеков мектеп ұстаздарымен кездесуге де уақыт тапты.

«Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында білім саласына ерекше басымдық берді. 2022 жылы ұстаздар қауымының айлықтары көтерілді. Жаңа мектептер салынуда. Соның бірі – сіздер еңбек етіп жатқан, барлық жағдай жасалған осы мектеп. Жаңа мектептеріңіз құтты болсын! Осы мектептен білім алған оқушыларды биіктен көрейік. 6 қазан күні елімізде жалпыхалықтық референдум өтеді. Онда атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесі шешілетін болады. Ал бұл еліміздегі электр энергиясының тапшылығынан туындап отырғанын жақсы білесіздер. Осы ауданның өзінде жақында ғана 240 пәтерлі 4 үй салынып, пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін тағы осындай 2 үй, үлкен спорт кешені халық игілігіне берілгелі отыр.

Бұлардан басқа да өңірлерде зауыт, фабрикалар, үлкен-үлкен ғимараттар салынуда. Олардың тыныс-тіршілігін электр энергиясынсыз көзге елестету мүмкін емес. Сондықтан да таза, экологияға зияны келмейтін атом электр стансасын салу өзекті мәселелердің бірі. Ол салынған жағдайда энергия өндірумен қоса көптеген тұрғынға тұрақты жұмыс орындары ашылады. АЭС барлық қауіп-қатердің алдын алатындай, жетілген технологиялармен салынатынын айтуға болады. Сондықтан да алдағы өтетін референдумға ұйымшылдықпен қатысыңыздар. Әркімнің дауысы маңызды. Референдум – халыққа артылған сенім. Сондықтан сенім үдесінен шығайық, – деді Бекболат Серікбекұлы.

Ұстаздар атынан сөз алған мектеп директоры Гүлмира Әуесбайқызы елімізде атом элек тр стансасын салуды қолдайтындықтарын білдіріп, рефрендумға ұйымшылдықпен қатысатынын ерекше атап өтті. 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар