дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады — Нұрлан Әбдіров

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады — Нұрлан Әбдіров
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті

Қазақстандықтардың 71,12 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Kazinform-ке сілтеме жасап.

«Биылғы 7 қазандағы таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған жедел деректердің негізінде, Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығарды» , - деді Н. Әбдіров елордада өткен брифингіде. 

Оның айтуынша, соңғы деректер бойынша референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487-ге жеткен. Дауыс беруге 7 млн 820 мың 204 адам қатысқан, олар референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66 пайызы.

«Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызын немесе 5 млн 561 мың 937 адамды құрады. Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселеге қарсы дауыс берген адамдардың саны дауыс беруге қатысқандардың ішінен 2 млн 45 мың 271 болды», - деді Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны 82 729-ды құрады. Жарамсыз деп танылған 130 267 бюллетень анықталды.

Еске салайық, кеше қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумда дауыс берді.

Кеше 20:00-дегі жағдай бойынша 7 820 918 азамат бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 63,87 пайызы. 

«Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» жеке қоры дайындаған exit poll нәтижесінде қазақстандықтардың 69,8 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс берді.

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар