Жаңалықтар

Ресейден әкелінген ағаштан қауіпті зиянкес анықталды

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Ақмола облысында өсімдіктерді карантиндік тексеру барысында қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Көлемі 40 текше метрді құрайтын қарағайдан дайындалған ағаш материалдары Ресейдің Қорған облысынан әкелінген.

Тексеру кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Көкшетау қалалық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары өнімнің залалдану белгілерін байқаған.

Зертханалық сараптама нәтижесінде аталған зиянкестің дернәсілдері бар екені расталды.

Белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін карантиндік өнімді әкелгені үшін жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Қазіргі таңда карантиндік нысандардың ел аумағына әкелінуі мен таралуының алдын алу, сондай-ақ өсімдік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.