дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:54

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Үрейді үдеткен таксист...

Үрейді үдеткен таксист...
Ғаламтор
Елдің бәрі таксиге мінеді. Дәл осы такси ішінде түрлі оқиғалар болып жатады. Біз де оқырманымыздың басынан өткен үрейлі оқиғасын қаз қалпында баяндауды жөн көрдік...

Таксиге отырғанда көбіне такси ұстайсың, алдыңғы орны бос болса, соған жайғасып, артыңа қарамайсың, діттеген жеріңе жеткенде түсіп кете бересің. Негізі осындай ғой. Мен де осындай адамдардың қатарынанмын. Бір күні кешқұрым әдеттегідей такси ұстадым. Алдыңғы орны бос екен, отырып алдым. Артқы орындықта да адамдар бар екенін күбір-күбір сөйлескендерінен байқадым, бірақ бұрылып қарамай отыра бердім. Кештен түнге қарай ауған шақ. Менің баратын жеріме еш бұрылмай тіке апарып тастау керек. Бір кезде такси оңға қарай бұрылып кетті. Мен аң-таңмын. Сосын солға бұрылып, қуыс көшеге кіріп бара жатыр. Такси қуыс көшемен бұрылыстан бұрылыс жасап, ұзақ жүрді. Мен қорқайын дедім. Таксистер туралы небір сұмдық оқиғалар көз алдыма келе бастады. Сонда барып артыма бұрылмасам да басымды солға бұрып артымда кімдер отырғанын аңғарайын дедім. Екі ер адам отыр, менің тура артымда тағы біреу отыр, оны көре алар емеспін. Кім екенін білмеймін, үндемейді, өзі де көрінбейді. 180 градусқа бұрылып кім екенін қарау үшін әрі ыңғайсыздандым, әрі қорықтым. Не де болса, біткен жерім осы шығар дедім. Мені айдалаға апарып, мүмкін қамап тастайды, мүмкін сатып жібереді. Бұлар нағыз қанішерлер сияқты. Жаңалықтардан көрсетіп жататын небір сұмдық оқиғаларды осындай оңбаған ер адамдар жасайды екен ғой. Сырты бүтін, іші түтін адамдар деген осындайлар-ау. Сырттарынан қарасаң, дымдарын білдірмейді, бар пәле іштерінде жатқаны да. Оңбағандар! Денем дір-дір етіп, аузымнан сөз шықпай отырған орнымда қаттым да қалдым. Егер жоғалып кетсем, мені бірінші болып кім іздейді? деген сұрақ та қабаттасып келе берді. Анам байғұс маған бірдеңе болғанын түсінгенде есінен танып қалатын болар? Мүмкін мыналар менің денемді сойып, бүйрегімді сатып жіберетін шығар?! Құжаттарым мен телефонымды тартып алатыны онсыз да түсінікті. Ағам үнемі "баллон алып жүр, көшеде біреу тиіссе, шашып жіберіп, қаш" дейтін еді. Ондайда мен: "ой, мені кім алар дейсің?" деп күлетін де қоятынмын. Сөмкемде ондай ештеңе жоқ. Әмиянымда он мыңдай ақша, құжаттарым, сосын телефоным. Оның бәрін тартып ала берсін, тек соларды тартып алып, мені аман-есен қоя берсе ғой, шіркін-ай. Тек аман-сау құтылсам ғой. Әлде "телефоным, ақшам, керек болса, сөмкемді түгел алыңдар, бірақ мені босатып қоя беріңдерші, болған жайды ешкімге айтпаймын" деп өзім бастап сөйлесем бе екен?! Осындай жантүршігерлік оймен арпалысып келе жатқанымда, таксист бұдан да қараңғы қуыс көшеге тағы бұрылды. Бітті саудам! Олар мені қазір түсіреді де, сосын... Ар жағын ойлауға қорқам!


Артымнан ер адамның дауысы естілді: "Аға, осы жер бола береді, сізге үлкен рақмет!" деді де 1000 теңге ұстатты. Төбемнен жай түскендей, бойымды тез жинадым. Такси тоқтады. Артқы орындықтың сол жағынан әлгі екі еркек, ал мен бұрылып көре алмаған оң жағынан сәбиін құшақтаған жас әйел түсіп жатты. "Оянып кетеді, жайлаңдар, түш" дейді бәсең дауыспен әйел әлгі екі еркекке. Таксист түсіп, жүк салғыштағы жүкті алып беріп, рөлге қайта отырды.

"Ал, қарындасым, кеттік, баламен жүрген соң обал болар деп үйлеріне дейін әкеліп тастадым", - деді таксист маған қарап. 1000 теңгеге үйге дейін әкелмек түгілі, мысық бетін көрсетпейтінін сіз бен біз жақсы білеміз. Оның үстіне Алматының таксистері аспандағы айды сұрап жататын еді. "Уақытыңды алсам, ренжіме, ұзақ жүріп кеттік деп ойлап отырған боларсың, мына суықта баланы көтеріп, оның үстіне жүкпен жүру оңай емес", - деп қосты. Мен тілімді жұтып қойғандаймын. Бағаналы бері осынша жаман ойға қалай бардым екен? Көңілім жайланып, өз-өзіме келдім. Кейде біз расымен жамандықты жақсылық, жақсылықты жамандық деп ойлап, қатты қателесіп жатамыз. Үйге келген соң, отбасыма осы оқиғаны айттым, олар таксисті мақтап: "нағыз азамат екен" деп жатты...

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар