Жаңалықтар

«ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ» атты тәрбиешілер айлығы өтті

«ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ» атты тәрбиешілер айлығы өтті

 Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұрпақ тәрбиесі қоғамнан тыс, оқшау тұрған құбылыс емес. Ол қоғамның, заманның бағыт-бағдарымен, тыныс-тіршілігімен бірге жүріп отырады. Жақында облыстық "Дарынды балаларға арналған мамандандырылған "Дарын" лицей-интернатында» өткен «ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ» атты тәрбиешілер айлығы нақ осы қағидаларды мақсат етеді. Шара жас ұрпақтың бойында өз құқығымен міндетін білетін, өзгенің құқығын сыйлайтын, рухани жан дүниесі жан-жақты дамыған, адамгершілік қасиеттері жоғары, салауатты өмір салтын ұстанатын, азаматтық сезімі қалыптасқан тұлға тәрбиелеуді көздейді.

Айлық аясында мектеп қабырғасында «Ұлы дала ғибраты» жобасы аясында «Әуезов әлемі» әдеби кеш, «Адалдық - ардың ісі» атты тәрбие сағаты, «Қиялдар әлемі» көрмесі мен «Өнер-өмір өрнегі» сахналық кеш және тағы да басқа тағылымы мол шаралар ұйымдастырылды.

« Педагог ретіндегі арманым – текті, ар-намысты, ұлтына адал, заманауи интеллект ұрпақ тәрбиелеу. Сол үшін мен ұрпақ тәрбиесінде ататек, салт-дәстүр, мәдениет және салауатты өмір сынды төрт бағытты терең қамтуды ұсынамын» , – дейді интернат меңгерушісі Светлана Александрқызы.

Ал, шараға қатысқан оқу ордасының тәрбиешілері ұрпақ тәрбиесі мәңгілік маңызын жоймайтындығын, оны ұлттық құндылықтармен ұштастырып, жаңа заманның рухани сұранысымен толықтырып отыру ауадай қажеттігін айтты.