дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 11:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Рухы мықты әскер – ел қорғаны

Рухы мықты әскер – ел қорғаны
old.aqmeshit-aptalygy.kz
Тәуелсіздіктің елең-алаңында елдің ертеңі мен қауіпсіздік қамы үшін құрылған құқықтық тәртіп әскерлерінің мемлекет үшін маңыздылығы артып, халыққа қорған болудағы рөлі айқындала түсті.

Содан бері еліміздің әр өңірінде әскери бөлімдер құрыла бастады. Небәрі бір айдан аса уақытта Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылдың 25 ақпанындағы №158 Қаулысымен Тараз қаласында Ішкі әскерлерінің жеке моторланған милиция батальоны, яғни 5513 әскери бөлімі құрылды. 

Оның негізін алғашқыда 3670, 5512, 6506 әскери бөлімдерінен келген әскери қызметшілер құрап, барлық жеке құрам саны екі жүз адамды ғана қамтыды. Жаңа құрылған әскери бөлімді подполковник Валерий Шаповалов 1994 жылға дейін басқарды, ал штаб бастығына майор Иван Лахов тағайындалды. 
Бүгінгі таңда әскери бөлімнің жеке құрамы Тараз қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, түзеу мекемелерін күзету, сотталғандардың тәртібін қадағалау және айдауылдау бойынша міндеттерді атқарады. Бөлім құрылған күннен бастап республикалық, облыстық және қалалық ауқымдағы міндеттерді абыроймен орындап келеді.
Аталған әскери бөлімнің негізгі қуаты – атқыштар батальоны. Сондықтан ротадағы сарбаздардың тәрбие ісін ұйымдастыру жұмыстары өзекті мәселе. Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Нұрсұлтан Рахымбайдың айтуынша, атқыштар ротасында ең шыдамды, психологиялық тұрғыдан тегеурінді сарбаздар қызмет атқарады.
– Ұлттық ұлан iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi және жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғау үшін қызмет етеді. Әскери бөлімде әсіресе қарауыл қызметінің жауапкершілігі өте жоғары десек болады. Қарауылдар күрделі аумақтарда қызмет атқарады. Сарбаздар киімдерін реттеп, қаруларына күтім жасап, әртүрлі нұсқаулықтардан өтіп барып қарауыл қызметіне түседі. Бұл жерде, ең бірінші кезекте, тәрбие жұмысына мән береміз. Сарбаздар алдымен медициналық тексерістен өтеді, түстен кейін нұсқаулықпен танысады. Содан кейін жауынгерлік қызметке аттанады. Бізге жауынгердің ішкі рухы мығым болғаны керек, ауырып тұрғандар, қандай да бір себептермен қызмет атқара алмайтын сарбаздар қарауыл қызметінен шеттетіледі. Сондай-ақ оқу орталығынан бастап біз сарбаздарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелейміз. Арасынан сайдың тасындай іріктелген жауынгерлерді қарауыл қызметіне тартамыз. Бастысы – сарбаздарымыздың ішкі рухы мығым, – деді капитан Н.Рахымбай.
Ал сарбаздардың ерлігі туралы бізге әскери журналистиканың майталманы, запастағы полковник Қуаныш Қожахметов егжей-тегжейлі баяндап берді.
– 1992 жылы «Қазмежрайбаза» қоймасындағы өрт кезінде, сол кездері айналымда болған ақшамен есептесек, 15 миллион рубльді құрайтын мемлекеттік мүлік аман сақталып қалды. Ал 1993 жылы республикалық қоймадан ұлттық валютаны әуежайға жеткізу бойынша тапсырма абыроймен орындалды. Мойынқұм ауданындағы апат кезінде шаруашылықтардың мал-мүлкін сақтап қалу үшін жауынгерлер зор үлес қосты.
Бөлімдегі жеке құрамның сарбаздары 1995 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдығын, 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығын атап өту барысында қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Сондай-ақ 2004 жылы 27 қыркүйекте «Жетісу-2004» республикалық стратегиялық командалық-штабтық жаттығуда жоғары біліктілік көрсеткені үшін бөлімнің жеке құрамына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі атынан алғыс білдірілді. 2006 жылы 11 қарашада атқыштар батальонының 2-атқыштар ротасы арқылы күзетілетін қатаң режимдегі 26 түзеу мекемесінде №8 және №9 күзет орнының сақшылары, қатардағы жауынгер З.Закиров пен А.Төлентаев қару қолдану арқылы сотталған азаматтың қашуына жол бермеді.
2013 жылы бөлімнің жеке құрамы Қаратау қаласындағы табиғи апаттың зардаптарын жоюға атсалысты.
Әскери бөлімнің жеке құрамы 2014 жылы Меркі ауылындағы тауда болған өртті сөндіруге жұмылдырылды. Ал 2015 жылы Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараның өткізілуіне белсенді атсалысып, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Осы жылы бөлімнің жеке құрамы Байзақ ауданының Бурыл елді мекенінде, Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының Сейфуллин ауылында және Алматы қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылды. Сонымен қатар 2016 жылдың 25-29 қазан аралығында Тараз қаласына қалың қар түсіп, бөлімнің жеке құрамы шаһарды сынған ағаштардан тазартты.
2020 жылдың ақпан айында бөлім жауынгерлері Қордай ауданында орын алған қақтығыс кезінде Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр, Масаншы елді мекендерінде жаппай тәртіп бұзушылықтың алдын алып, аязды күндерге қарамастан, 3 ай бойы өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарып шықты. Осылайша ел басына күн туғанда әрдайым көмекке дайын тұратын әскери бөлімнің жауынгерлері халықтың тыныштығын күзету ісінде қызметтеріне адал екендіктерін дәлелдеді. Ел сенімін ақтады, – дейді Қ.Қожахметов.
Әскери бөлімнің жауынгерлері 2021 жылы тамызда Байзақ ауданында орын алған жарылыс кезінде де ел тыныштығын күзету мақсатында аянбай тер төккен. Атап айтқанда, сарбаздар қарақшылыққа жол бермеу үшін Жібек жолы, Байзақ, Сарыкемер, Бурыл елді мекендерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кірпік қақпай қызмет етті. Бөлімнің әскери жедел резерв жеке құрамы жарылыстың салдарын жоюға тартылды және жарылыс салдарынан әскери қойманың іргелес аумағына жақын жерде қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілерді іздестіруге жұмылдырылды. Сондай-ақ Қаңтар оқиғасы кезінде бөлімнің жеке құрамы Тараз қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесуге қатысып, міндеттерін абыроймен атқарып шықты. 
Әскери бөлімнің мерейлі 30 жылдығында, яғни 2022 жылы жауынгерлер қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін күзету бойынша 1 095 жауынгерлік тапсырма орындады. Сонымен қатар сотталғандарды қадағалау бойынша 2 190 міндет атқарылып, қалалық емдеу мекемелерінде сотталғандарды күзету және қадағалау бойынша 996 тапсырма орындаған. Запастағы полковник Қуаныш Қожахметовтің сөзіне сүйенсек, 2022 жылы ұландықтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша 215 жауынгерлік тапсырма орындаған.
– 2022 жылы әскери бөлімнің қызметкерлері түзеу мекемелерін күзету барысында мекеме аумағына рұқсат етілмеген заттарды лақтырудың 18 әрекетіне тосқауыл қойды. Түзеу мекемелерін бақылау бойынша әскери жасақтар қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде бақылау және қадағалау қызметін атқару кезінде сотталғандар тарапынан болған режимді бұзудың 1 448 фактісін анықтап, олар жауапқа тартылды. Оның ішінде 193 ұялы телефон, 128 ұялы телефонның SIM-картасы, 119 ұялы телефонға арналған керек-жарақтар, 500 грамға жуық есірткі заттары, 163 тесетін-кесетін заттар, 1 751 «Трамадол» таблеткасы тәркіленді.
Тараз қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында әскери жасақтар түрлі құқықбұзушылықтар үшін 571 адамды ұстап, ішкі істер органдарына жеткізді. Оның ішінде 537 адам «Әкімшілік құқықбұзушылық жасады», 34-і «Қылмыс жасаған» деген күдікпен ұсталды. Жауынгерлік қызмет барысында 8 атыс, тегіс ұңғылы және травматикалық қару, 23 жарылғыш құрылғы (граната), 688 түрлі калибрлі оқ-дәрі, 1 суық қару мен салмағы 1 келі тартатын есірткі заттары тәркіленген. 2022 жылы 5513 әскери бөлімі жауынгерлерінің белсенді қызметінің нәтижесінде қаладағы қылмыс 14,8 пайызға азайған.
Осы көрсеткіштердің нәтижесінде 2023 жылғы жауынгерлік жарыстың қорытындысымен ҚР Ұлттық ұланының әскери бөлімдері арасында 5513 әскери бөлімі әскери тәртіп, заңдылық және құқықтық тәртіп бөлігі бойынша ІІ орынды жеңіп алды, – дейді Қ.Қожахметов.
Әлеуеті мол әскери бөлім былтыр да түрлі сипаттағы қылмыстарға тосқауыл қоя білді. Мәселен, 2023 жылдың 26 қаңтарында сағат 11:30 шамасында 1-жедел мақсаттағы батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының әскери жасағы жауынгерлік қызмет атқару барысында №25 түзеу мекемесіне сырттан тыйым салынған затты лақтырған адамды байқап қалып, ізін суытпай ұстайды. Осылай жасақ құрамының қырағылығының арқасында қылмысқа жол берілмеді.
Өткен жылдың 2 ақпанында сағат 13:50 шамасында атқыштар батальонының 3-атқыштар ротасының бақылаушылары қатардағы жауынгер Талант Нұрланқұлов пен ефрейтор Дәурен Сыдықов №59 түзеу мекемесінің тінту бөлмесінде сотталған «Н»-ға арналған пакетті тексеру барысында ішінде құрғақ сүт пен кофеге араласқан ақ түсті жалпы салмағы 1 келі болатын белгісіз затты анықтаған. Сонымен қатар тағы бір сотталғанға арналған жолдамада аяқкиімнің ішінде қулықпен жасырылған екі бума адамды масайтатын иісті, қара-жасыл түсті тыйым салынған затты тәркілеген. 
Сондай-ақ 2023 жылы 21 қаңтар күні 26-түзеу мекемесіне жауынгерлік қызметке сақшы болып түскен қатардағы жауынгер Алмат Бектөре асқан қырағылық танытады. Кешкі сағат 19:00 шамасында күзет орнына қызметке түскен сарбаз шамамен 22:07 кезінде қараңғылықты жамылып, тыйым салынған аймаққа қарай жасырын өтуге жүгіріп келе жатқан үш сотталушыны байқайды. Сақшының «Тоқта! Атамын!» деген пәрменіне құлақ аспаған сотталушылар ішкі тыйым салынған аймаққа қарай өте бастайды. Осы сәтте дереу жағдайды қарауыл бастығының көмекшісіне баяндайды. Ал өзі ескерту ретінде аспанға оқ атқанда ғана сотталушылар кілт тоқтап, кейін қашады. Осыдан кейін сақшының өзі сол сәттегі бар ойы қылмыскерлерді тоқтату болғанын айтқан. Ең бастысы, командирлері үйреткен Жарғы талаптары бойынша әрекет қылған. Осы қырағылығы үшін қатардағы жауынгер Алмат Бектөреге бөлім командирінің атынан он күндік қысқамерзімді демалыс жарияланған.
Бұл 5513 әскери бөлімінің командирі, полковник Ғазиз Қадірбек басқаратын ұжым еңбегінің айшықты жемісі. Оған жауынгерлік қызметте көзге түскен бірқатар сарбаздың қырағылық үлгілері мен адал қызметінің тигізген септігі мол.
– Әскери бөлім қызметкерлері түрлі мекемелермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Бөлім сарбаздары облыстық жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыс орнатқан. Ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен облыстағы білім мекемелерінде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында кездесулер өткізіп тұрамыз. Сондай-ақ облыстық телеарна мен баспасөз беттеріне жиі сұхбат береміз. Әрі мәдени, спорттық іс-шараларға барынша қатысамыз.
Мәселен, былтыр 6 қазанда 5513 әскери бөлімнің клубында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері жауынгерлермен Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Түсіме жиі Мыңбұлақ кіреді» атты әдеби-танымдық кеш өткізді. Аталған кездесуді жас жауынгерлермен өткізудегі басты мақсат – жазушының мол мұрасын кеңінен насихаттап, таныстыру, әдеби шығармаларындағы қаһармандардың бейнесін үлгі тұту, ондағы эпизодтарды талқылап, бірлесе ой қозғау. Шара барысында Шерағаның фотосуреттерінің және жеке заттарының көрмесі ұйымдастырылып, жазушының әдеби шығармаларындағы Отанды сүю туған ауылды сүюден басталатыны әңгімеленді. 
Биыл 6 наурызда облыстық полиция департаменті мен «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамының ұйымдастыруымен «Самбо» күресінен облыс біріншілігі өтті. Барлығы 17 команда қатысып, бақ сынаған біріншілікте 58 келіге дейінгі салмақта 5513 әскери бөлімінің сарбазы, қатардағы жауынгер Ө.Жұмағұл чемпион атанды. Сондай-ақ 64 келіге дейінгі салмақта қатардағы жауынгер М.Жомартұлы 3-орын иеленді. Ал аса ауыр салмақта капитан М.Абуов 3-орын алды. Жалпыкомандалық есеп бойынша 5513 әскери бөлімінің командасы жүлделі III орынды иеленді. 
Сондай-ақ 13 сәуір күні Тараз қаласында Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алу мақсатында қоян-қолтық ұрыстан облыс чемпионаты өтті. Аталмыш чемпионатта 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2-атқыштар ротасының атқыш сарбазы Мағжан Жомартұлы, ал 3-атқыштар ротасының атқыш сарбазы Жұмағұл Өсерхан күміс жүлдегер атанды. Ал 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жедел мақсаттағы ротаның 5-взводының сержанты Арман Есенжұлов чемпион деп танылды. 5513 әскери бөлімінің командасы жалпыкомандалық есепте III орынға ие болды.
Әлеуметтік желіде әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігін, әскердегі жауынгерлердің жай-күйін, сарбаздардың ерлігі мен бөлім жетістігін жариялап отырамыз, – дейді Ғазиз Оңласынұлы.
Бұл келтірілген қырағылық үлгілері бөлім жауынгерлерінің күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана. Ал мұндай өнегелі қызмет пен жауапкершілік, міндетіне деген адалдық кез келген әскери ұжымның қызмет нәтижесіне арқау болары анық.

 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар