«Сән үшін тұр ма?»: тараздықтар кіші футбол алаңшасының игілікке жарамай тұрғанына наразы
- авторjambylinfo.kz
- 31 шілде, 2024
- 441
Таразда "Қарасу" шағын ауданында құрылысы көктемде басталып, маусым айында жұмысы толық аяқталған ойын алаңшасы әлі күнге дейін ел игілігіне берілмеген. Осы мәселемен редакциясымызға аталған аумақтың тұрғындары шағымдарын жеткізді. Jambylinfo.kz тілшісі мәселенің мән жайын анықтап көрді.
Шағынаудандағы халық көп шоғырланған 15-ші және 16-шы тұрғын үйдің аумағында бүгінге дейін дені дұрыс балалар ойынайтын орын болмаған. Тұрғындардың сөзінше, кеңес дәуірінде салынған ойын алаңшасы қирап қалған. Жарықтандырылмағандықтан жаздыгүні ата-ана кешкі уақытта аулаға баласын шығармай, төрт қабырғада қамап ұстауға мәжбүр. Ал, жаңа алаңша құрылысы басталған кезде жергілікті жұрт балалары алажаздай ала шаңға тұншығып, доп қуаламайды деп ойлап, бөркін аспанға лақтырған. Алайда қуаныш су сепкендей басылыпты. Өйткені, жергілікті билік маусым айында дайын болған нысанның қызыл лентасын қиюға асықпайтын көрінеді.
- Балалар ойын алаңшасы мамыр айының 5-6 ына басталған. Одан бері 3 ай өтті. Құрылыс маусым айында толық біткен. Соған қарамастан әлі күнге пайдалануға берілмей тұр. Сол жердегі жұмысшылардан сұрасақ, «жарық орнату керек содан кейін барып беріледі» деп айтты. Балалар жазғы каникулда аулада шаң-тозаң арасында ойнап жүр. Одан кейін тағы бір айта кетерлігі, «Қарасу» мөлтек ауданының 16 үйі тұрғындар тығыз орналасқан үйлердің бірі. Балалардың жазғы демалысы аяқталуына аз уақыт қалды. Бұл ойын алаңша сән үшін тұр ма? Неге ел игілігіне ертерек берілмейді?,- дейді аумақ тұрғыны Гүлнұр Байғонысова.
Ал, қаланың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі тұрғындардың наразылығын естіген. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ деп отыр. Себебі алаңшаны мердігер уақытылы бітіргенімен, билік нысанды қабылдап алудың өзін созбалаңға салып отыр. Әкімдік маманының сөзінше, «қағазбастылық» жұмысты кенжелеткен. Ендігі балаларға жазғы демалыста қызмет етпеген нысан күз келіп, оқу басталғанда бірақ берілмек.
- Ол жерде қабылдау процестері жүріп жатыр. Мердігер спорт алаңшасын салды. Қазір балаларды ішіне жіберіп, осының салдарынан мүлік бүлінсе мердігер жауап береді. Өйткені, біз қабылдап алған жоқпыз. Обьектіні қабылдағаннан кейін оған біз жауап береміз. Сондықтан біз қабылдай алмай жатырмыз. Қағаз бойынша жұмыстар қалды. "Қарасу" шағынауданы № 12, 15, 16 көппәтерлі тұрғын үйлер ауласындағы кіші футбол алаңшасын қыркүйек айында пайдалауға беру жоспарлануда,- деді қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы Абылай Тоғайбек.
Айта кетейік, қазіргі таңда қалалық қазынадан тиісті қаражат бөлініп, жалпы саны 16 мекенжайда ойын алаңшасын салу жұмыстары басталған.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
«Париж-2024»: 31 шілдеде жарыс жолына кімдер шығады
Ұқсас жаңалықтар
Жәнібек Әлімханұлы Сауль Альваресті шаршы алаңға шақырды
- авторjambylinfo.kz
- 21 қараша, 2024