«Сән үшін тұр ма?»: тараздықтар кіші футбол алаңшасының игілікке жарамай тұрғанына наразы
"Қарасу" шағын ауданында дайын тұрған футбол алаңшасы 2 айдан бері пайдалануға берілмей тұр
Таразда "Қарасу" шағын ауданында құрылысы көктемде басталып, маусым айында жұмысы толық аяқталған ойын алаңшасы әлі күнге дейін ел игілігіне берілмеген. Осы мәселемен редакциясымызға аталған аумақтың тұрғындары шағымдарын жеткізді. Jambylinfo.kz тілшісі мәселенің мән жайын анықтап көрді.
Шағынаудандағы халық көп шоғырланған 15-ші және 16-шы тұрғын үйдің аумағында бүгінге дейін дені дұрыс балалар ойынайтын орын болмаған. Тұрғындардың сөзінше, кеңес дәуірінде салынған ойын алаңшасы қирап қалған. Жарықтандырылмағандықтан жаздыгүні ата-ана кешкі уақытта аулаға баласын шығармай, төрт қабырғада қамап ұстауға мәжбүр. Ал, жаңа алаңша құрылысы басталған кезде жергілікті жұрт балалары алажаздай ала шаңға тұншығып, доп қуаламайды деп ойлап, бөркін аспанға лақтырған. Алайда қуаныш су сепкендей басылыпты. Өйткені, жергілікті билік маусым айында дайын болған нысанның қызыл лентасын қиюға асықпайтын көрінеді.
Ал, қаланың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі тұрғындардың наразылығын естіген. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ деп отыр. Себебі алаңшаны мердігер уақытылы бітіргенімен, билік нысанды қабылдап алудың өзін созбалаңға салып отыр. Әкімдік маманының сөзінше, «қағазбастылық» жұмысты кенжелеткен. Ендігі балаларға жазғы демалыста қызмет етпеген нысан күз келіп, оқу басталғанда бірақ берілмек.
Айта кетейік, қазіргі таңда қалалық қазынадан тиісті қаражат бөлініп, жалпы саны 16 мекенжайда ойын алаңшасын салу жұмыстары басталған.