Жаңалықтар

Сәтбаевтағы оқиға: 55 адамға үкім шықты

Сәтбаевтағы оқиға: 55 адамға үкім шықты

Қарағандыда сот Сәтбаев қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға үкім шығарды. Аталған іс бойынша барлығы 55 адам сот алдында жауап беріп жатыр. Олар «Тәртіпсіздік ұйымдастыру және қатысу» және «Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану» баптары бойынша айыпталды. Іс бойынша 4 адам тәртіпсіздікті ұйымдастырушы деп танылды. 45 сотталушы қамауда, ал 10 адам үй қамауында. Сотталушылар процессуалдық келісім жасасты. Қарағанды облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кенжебай Ысқақбаев бүгін сот үкімін жария етті. Үкімге сәйкес, 9 сотталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, оны олар орташа және төтенше қауіпсіз ҚАЖ мекемесінде өтейді. Сот 44 сотталушыны төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Тағы екеуін шартты түрде бір жарым жылға соттады. Белгілі болғандай, сотталғандар жергілікті полиция бөлімі мен педофилдің көршілеріне келген материалдық залалды өтеген. Тәртіп сақшыларының автокөліктеріне келтірілген залал 26 миллион теңгені құрады. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 23 шілдесінде Сәтбаев қаласында 5 жасар бала жоғалып кеткен болатын. Қыз бала 62 жастағы күдіктінің пәтерінен табылды. Баланың ұрланғаны жайлы жаңалықты естіген ондаған қала тұрғыны күдіктінің үйіне барып, оны өз бетінше жазаламақ болған. Салдарынан қалада жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Күдіктіге қатысты жас баланы ұрлау және зорлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адам ұсталды, кейін оны Қарағанды тергеу изоляторының камерасына қамаған. Алайда бірнеше күннен соң ол өз өзіне қол жұмсаған болатын.