дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 22:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Садақ ату сәнге айнала ма?

Садақ ату сәнге айнала ма?
Фото ашық дереккөз
Тараз қаласындағы «SUGIR MERGEN» дәстүрлі садақ ату орталығы

Бір кездері шеберлігін күллі Еуразия халқы мойындап, түрлі жазбаларда тамсана жазып қалдырған ата-бабамыздың садақ ату өнері – бұл күнде де жаңа трендке айналды. Бұған дейін өгей баланың күйін кешіп, тек санда ғана бар, санатта жоқ спорт түрінің қайта жандануына ел ішіндегі мергендердің күрт көбеюі себеп болғаны рас. Мәселен, қазіргі таңда дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып жүргендердің қатары екі мыңнан асып жығылады. Ең негізгісі, ұлттық құндылықты жаңғырту жолында өңір-өңірлерде арнайы орталықтар көптеп ашылуда. Оған осыдан екі жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен «дәстүрлі садақ ату» өнерінің спорт түрі ретінде ресми танылуы жол ашса керек.
Жалпы, бүгінде елімізде мұндай орталықтардың саны 20-ға жуықтайды. Солардың бірі – Тараз қаласындағы «SUGIR MERGEN» дәстүрлі садақ ату орталығы. Негізін қалаушы – жамбылдық Индира Меңлібаева. Денсаулығындағы кінәратына байланысты осынау спорт түріне бет бұрған жерлесіміз үлкен қызының көмегімен садақшылар туралы мәліметке қанығып, уақыт өте солардың жарысына барғанын айтты. Екі жыл бұрын кейіпкеріміздің жүрегі сыр бергендіктен, кардиолог-дәрігерлер оған садақ ату яғни, ағашқа байланған резіңкені тарту жаттығуын жасатқан екен.


    "Өз басым бұған дейін ешқандай спорт түрімен айналысқан емеспін. Денсаулығымдағы сырқатқа байланысты кардиолог-дәрігерлердің айтуымен осы спорт түріне тап болдым. Ойлана келе, медициналық институтта оқитын үлкен қызымнан садақ ату өнері жөнінде жан-жақты іздеп көруін сұрадым. Тек сол сәтте ғана біздің өңірден басқа облыстарда бұл спорттың дамып кеткеніне көз жеткіздім. Нәтижесінде өткен жылдың жаз мезгілінде атыраулық садақшылардың шақыртуымен алматылықтар ұйымдастырған Үшқоңырдың баурайындағы чемпионатқа арнайы бардым. Осы жарыстан келген соң, автокөлігімді ауыстыруға жинап жүрген қаражатыма клуб ашуға бел байладым. Негізі, жоңғар шапқыншылығы кезінде өмір сүрген атақты мерген Сүгірәлі (лақап аты –  Шохай) біздің бабамыз. Марқұм әкем ата-бабамыздың сұрмерген болғанын, сол заманда тұтастай бір ауыл оқшылар болғанын айтып отыратын. Тіпті, сол ауылдың келіндеріне дейін қолынан іс келетін шебер екен деседі. Осылайша, «SUGIR MERGEN» дәстүрлі садақ ату орталығын аштық. Дәл осы кезеңдерде жүрегіме түскен жүктің жеңілдегенін байқап, садақ атудың адам денсаулығына өте пайдалы екенін түсіндім. Кез келген спорт секілді садақ ату – шыдамдылық пен табандылыққа баулып, алға қойған мақсатқа жетуге құлшыныс сыйлайды. Сондықтан, дәстүрлі садақ ату өнерін жас ұрпақ тәрбиесінде кең пайдалану керек. Өз басым қазір шәкірт тәрбиелеуге күш салып жүрмін. Бүгінде 50-ге жуық шәкіртім бар. Бұдан бөлек, өзіммен бірге иық тіресе садақ атып жүрген 30 адамнан құралған ересектер тобы жасақталып үлгерді, – дейді Индира Жәнібекқызы". 

Естеріңізде болса, Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында ұлық мереке – Республика күніне орай ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық фестиваль ұйымдастырылған еді. Фестиваль аясында  қазақ күресінен, көкпардан, садақ атудан, тоғызқұмалақтан, асық атудан және теңге ілуден жарыстар өткен болатын. Бұл сында Тараз қаласы мен өңіріміздегі 10 ауданнан келген 500-ге жуық спортшы бақ сынасты. Жарыстың жалпы жүлде қоры 4,5 миллион теңгені құрады. Жерлесіміз дәл осы сайыста садақ атудан «Пута» нысанасы бойынша үздік деп танылды. 
– Жарыс нәтижесінде бірінші орынға ие болып, 70 мың теңгені қанжығаладым. Ал, жүлделі ІІ және ІІІ орын алғандар 50-30 мың теңгені місе тұтты. Айта кетерлігі, бұл сайыста жүлделі орындардан көрінгендер өз шәкірттерім. Олар да  дәстүрлі садақ ату орталығының садақшылары. Алдағы уақытта осы орталықтың жұмысын жандандырып, қолға алған ісімізді дамытсақ деген жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде бір шәкіртім «Спортшы шебері» атанса, тағы бірі «Спорт шеберіне үміткер» атағын иемденді. Сондай-ақ, жазғы балалар чемпионатында 10 баламыздың екеуі алтын, 1-уі күміс және 3-уі қола медаль алды. Ал, орталықтың құрылғанына небәрі бір жарым ай болғанда Қазақстан Кубогында үш жүлдеге қол жеткіздік, – дейді кейіпкеріміз.
Айта кетерлігі, жерлесіміз тамыз айында елордамыз Астана қаласында түндігі түрілген дүбірлі дода V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында елшілік қызмет атқарған. Алайда, оның бастамасымен қазақы рухты жаңғыртып, жұртшылықтың ұлттық спортқа деген сүйіспеншілігін арттырып жүрген «SUGIR MERGEN» дәстүрлі садақ ату орталығына әзірге облыстық спорт басқармасы тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмеген. Ал, орталықтың мұндай шарапатқа ие болуы үшін жауапты басқармаға қарасты бір мекемесінде тіркелуі керек көрінеді. Оның үстіне, орталық жетекшісінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі деген дипломының жоқ болуы да кәдімгідей қол байлау болып тұр. Осы себепті, бұған дейін ұстаз болып қызмет еткен Индира Меңлібаева жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істеуге мәжбүр. 
Десе де, ол шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қолды қажет ететін спорт түрін одан әрі дамыту үшін мемлекеттің қолдауы ауадай қажет екенін айтып қалды. Жалпы, жуық арада едәуір қаржыны талап ететін садақ атудан ел чемпионатын өткізу – бір ғана адамға оңайға соқпайтыны айтпаса да түсінікті ғой. Осы ретте облыстық спорт басқармасының басшылығы бес қарудың бірі саналатын садақ ату өнерін насихаттап жүрген Индираның еңбегін бағалап, мергендердің ынтасын арттыру мақсатында жәрдемдессе деген тілек бар. Сонда біздің өңірде де айтулы жарыстарда асығы алшысынан түсетін сұрмергендердің қатары көбейе түсер...


 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар