дүйсенбі, 30 қыркүйек, 2024 6:37

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Салтын танымаған – халқын танымайды

Салтын танымаған – халқын танымайды
ашық дереккөзі
Салтын танымаған – халқын танымайды
Ғылым мен технология қарыштап дамып, адам баласы тума болмысынан ажырай бастаған бүгінгі заманда өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Бұл ретте, кез келген ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын – сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық. Қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің негізгі тұғырлары саналатын бұл үшеуі де салт-дәстүрлерімізде кең көрініс табады. Демек, ата ғұрыптарымызды ұмыту – жер бетінен халық ретінде жойылумен пара-пар деген сөз. Өкінішке қарай қазір өмір сүру дағдысы мен тұрмыс қалпы өзгеруіне байланысты ұмыт қалып, уақыт өте санадан «сызылып» бара жатқан салттардың қатары артып келеді. Жасыратын несі бар, олардың бірқатарын бүгінгі жас буын білмейді де. Соның бірі – киіз басу. Ертеректе киіз басу – ауыр жұмыстардың бірі болған. Алдымен жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде «қой басты-қой басты» деп айқайлайды. Мұны естіген үйдегі әйелдер киіз басушыларға бауырсақ, қымыз, құрт береді. Бұл әзіл-қалжың ретіндегі дәстүр болғанымен, сыйластыққа негізделген. Технологияның дамуына байланысты киіз басу ісінің қажеттілігі азайды. Сонымен бірге, киіз басу барысындағы ғұрыптар да келмеске кетті. Шыны керек, киіз басу былай тұрсын, киіздің өзін көрмеген балалар өсіп келе жатқаны қынжылтады. Ал аталған өнер қолынан келетін шеберлерді тек көрмеден ғана көретін күйге жеттік. Жалпы, дәл қазіргі уақытта киіз, текемет пен алаша жасау ісін дамытудың маңызы өте зор. Біріншіден, бұл арқылы ұлттық өнерді дамытсақ, екінші жағынан ұлттық нақыштағы тауарлар жасап, сатылымға шығару арқылы кәсіп етіп, нәпақасын айыратындар қатары артар еді. Бұл өз кезегінде жұмыссыздар санын қысқартып, ұлттық тауарлардың ел арасында таралуына да септігін тигізері сөзсіз. Кең-байтақ қазақ даласында салт-дәстүрлердің қызықты түрлері де өте көп. Соның бірі – «біз шаншар». Еліміздің шығыс, оңтүстік аймақтарында «жаушы» орынына осы «біз шаншар» салты қолданылады. Ақсақал-қарасақалы аралас бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды, ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде бір топ адам бұлай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен анасы қонақтар отырған жерді қарап, одан шаншулы бізді тауып алады. Бұл «Құда болайық» дегенді білдіреді. Бұл да текті халық екеніміздің бірден-бір дәлелі. Бұл салтты тереңінен үңіліп қарайтын болсақ, қаншама тәрбие, қаншама мәдениеттің жатқанын байқауға болады. Қазақтың салт-дәстүрі – ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық, өнеге тәжірибесін құраған байлық деп білемін. Ата-бабамыздан мұра ретінде қалдырған бұл қазынамызды қайта жаңғырту, халық арасында қайта дәріптеу әрбір қазақтың міндеті.   Марал Үйсімбаева  Мұсылманбекқызы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылы М. Әуезов атындағы орта мектептің 11 “А” сынып оқушысы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар