сенбі, 23 қараша, 2024 0:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сарысулықтар «Таза Қазақстан» акциясы қолдайды

Сарысулықтар «Таза Қазақстан» акциясы қолдайды
ашық дереккөз
Облыста «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоғамдық орындарды, көшелерді, базарлар аумағын, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Экологиялық мәдениетті арттырып, маусымдық кезеңде өрт қауіпсіздігін сақтауға басымдық берген игі іс-шара күні кеше табиғи апаттан зардап шеккен Сарысу ауданында жалғасты. Облыстың әр ауданынан жиналған еріктілер Жаңатас қаласындағы су алған үйлердің ауласын тазалады.

Еске сала кетсек, өткен аптаның жексенбісінде Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласын, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су алған болатын. Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақ, қоқыстар ауыл көшелерін басып қалған еді. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерге асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен кезеңде қайырымды істен қалыс қалмайтын жамбылдықтарға өңір басшысы өз алғысын білдіріп, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.

– Халқымыз «Апат айтып келмейді» дейді. Десек те, қандай жағдайға болсын дайын болуымыз керек. Апатты жағдайда аумақта 280-нен астам төтенше жағдайлар департаментінің жұмысшылары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылып, бұл іске 67 техника мен 40-тан астам су сорғыш мотопомпа тартылды.

Нәтижесінде өзара үйлесімді жұмыстың өрнегін танытып, табиғи апаттың алдын алу шаралары сәтті орындалды. Бүгінде қалпына келтіру жұмыстары қарқынды іске асуда. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Осы мақсатта Жаңатас қаласының тұрғындарына жұрт болып жұмылып, көмек қолын созуға аудандар мен Тараз қаласынан 150-ге тарта ерікті жиналып отыр, – деді өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан кейін аймақ басшысы апатты кезеңде су алған Д.Қонаев атындағы орта мектептің жертөлесін тексеріп, ағын судан бүлінген «Жаңатас-Саудакент» тасжолының жай-күйімен танысты. Айта кету қажет, аймақтағы апатты жағдай салдарынан аталған тасжолдың бір бөлігі қолданысқа жарамсыз деп танылған болатын. Тиісінше, айналма жол пайдалануға берілгенге дейін осы бағыттағы жол-көлік қозғалысы тоқтатылған. Бүгінде қозғалысы қайта жанданған тасжолдың жай-жапсарымен танысқан облыс әкімі жауаптыларға негізгі жол торабын бір аптаның ішінде қалпына келтіру керектігін айтып, нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, өңір басшысы Жаңатас қаласындағы су алған бірнеше үйді аралап, тұрғындармен кездесіп, олардың барлық материалдық шығыны мемлекет тарапынан өтелетіндігін жеткізді. Ал, аудан әкімі Сәкен Мамытов шығындарды есептеу бойынша арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты.

– Ауданда жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері, салаға жауапты әкім орынбасарынан құрылған үш бірдей комиссия өз жұмысын бастап кетті. Әр комиссия құрамында алты адамнан жұмыс істеуде. КазНИИСА тәуелсіз бағалаушы компаниясының сараптамасы бойынша су алған 47 үйдің екеуі жарамсыз деп танылып отыр. Сараптама нәтижелері нақтыланғаннан кейін, қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатын болады. Сонымен қатар, шығындарды өтеу бойынша тұрғындардың тұрмыстық техникалары да есепке алынады, – деді аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы.

Ал, игі істің басынан табылған ерікті жастар сын сағатта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсатқа жұмылудың озық үлгісін көрсете білді. Өз кезегінде тұрғындар ауласын қоқыстан тазартып, жарасымды істі жалғастырушыларға алғыс айтуда.

– Ағын судың салдарынан ауылдағы ағайынның әбігерге түскені рас. Көшеге толған топырақ пен тал-дарақты тазалау оңайға соққан жоқ. Осы орайда, қазақтың көне дәстүрі негізінде асарлатып келіп жатқан өзге аудандағы бауырларымызға алғысымызды айтамыз. Қандай қиындықты болмасын ауызбіршілікпен еңсерген еліміздің болашағы жарқын бола берсін, – деді Жаңатас қаласының тұрғыны Нағашыбек Иманәлі.

Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жыл басынан бері өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып, оған 500 мыңнан аса жамбылдық белсенді қатысқан. Акция аясында 125 мың тұрғын үй ауласы мен 4,5 мың шақырым көше тазаланып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылған. Бұдан бөлек, 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 143 саябақ, сквер аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, 12 мың тонна қоқыс шығарылған.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар