Жаңалықтар
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша комиссия құрылды
- авторjambylinfo.kz
- 10 наурыз, 2021
- 444
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша комиссия құрылды
Аймақ басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ержан Жұматұлы өңірде мемлекеттік комиссияның төрағасы – ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың 2020 жылғы 3 желтоқсандағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің 2021 жылғы 25 қаңтардағы №22 қаулысымен консультативтік-кеңесші органдар форматында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі облыстық комиссия құрылғанын жеткізді.
Комиссия құрамына өңірге белгілі тарихшылар, архившылар, сарапшылар, мемлекеттік мекеме басшылары мен құқық қорғау орган өкілдері еніп, оның төрағалық міндеті аймақ басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың өзіне жүктеліпті. Олар алдағы уақытта саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерімен айналысады екен.
Аталған комиссия отырысының алғашқы отырысында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Бейқұт Жамангозов баяндама жасап, алда атқарылатын жұмыстар легіне тоқталды. Басқарма басшысының сөзінше, комиссия халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару бойынша жұмыс істемек. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалаудың құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын жүргізу, өмірі мен бас бостандығынан айырылған, психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдетілген және құқықтары мен бостандықтары өзгедей шектеуге ұшыраған адамдарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын айқындау бойынша ұсыныстар бермек. Сонымен қатар басқарма басшысы комиссияның міндеттері мен өзге де функцияларды жүзеге асыру үшін жұмысшы топ құруды ұсынды.
Облыстық прокуратураның №5 басқармасының бастығы Ғалымжан Даненов саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты қозғалған қылмыстық істерге тоқталып, оларды ақтау бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Ал облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева облыстық мемлекеттік архивінің 282-қорында Жамбыл облыстық партия комитетінің құжаттарында кезінде «халық жауы» болып, кейін 1989-1991 жылдар аралығында ақталған коммунистердің құжаттары сақтаулы екенін мәлім етті. Онда азаматтардың персоналдық жеке істері, ақтау істері, партиялық бақылау комиссиясының отырыстары, коммунистердің істерін қайта қарау туралы 300-ге жуық құжаттар бар екен.
– Архив қызметкерлері 2014 жылы Жамбыл жерінде туған, еңбек еткен, жазықсыз жазаланған, кейін ақталған азаматтар туралы қысқаша мәліметтермен қамтылған «Жазықсыз жазаланғандар» атты кітап шығарды. Кітапқа облыстық партия комитеті құжаттарының және республикалық, облыстық басылым беттерінен алынған мәліметтері енгізілген, – деді Сара Қабылбекқызы.
Жиында сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті Сейдахан Бақторазов комиссия жұмысын істеу барысында аумақтық мәселелерге баса назар аударуы тиіс екенін жеткізді. Себебі саяси қуғын-сүргін қатты жүрген 1937 жылы өңір оңтүстік Қазақстан облысына қараған екен. Ал облыстық мемлекеттік архив директоры Көсемәлі Сәттібайұлы қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ішінде тізімге енбей қалғандарды қайта қарау туралы ұсынысын білдіріп, оларды тізімге қосу қажеттігін айтты. Сондай-ақ Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев комиссия жұмысына Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жіті зерттеп жүрген елімізге танымал ғалымдарды тартып, олардың да еңбегін пайдалану қажеттігін сөз етті.
Аталған комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Бейқұт Жамангозовке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ комиссия тиімді жұмыс атқаратынына сенім білдірді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Анаға тағзым орталығында жеңімпазбен кездесу өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024
Жаңалықтар
25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024