Сайлау: Қарақат Әбденді қолдау штабы ашылды
Сайлау: Қарақат Әбденді қолдау штабы ашылды
«ҚР Президенттігіне кандидат Қарақат Әбденді қолдау жөніндегі штаб жұмысын бастады. Алдымен ұйымдастыру комитетінің отырысын өткізіп, нақты тапсырмалар берілді. Еліміздің 20 өңірінде біздің штаб жұмысқа дайын. Үгіт-насихат материалдарын әзірлеу, басқа да тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. Астана қаласындағы орталық штабта 10-ға жуық адам жұмыс істейді», — деді штаб басшысының орынбасары Берік Төребеков. Оның айтуынша, үгіт-насихат жұмысы еліміздің барлық өңірінде онлайн және офлайн форматта өтеді. «Сондай-ақ кандидатты қолдауға арналған ресми сайт іске қосылды. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде аккаунттар ашылды. Ол жерде штабтың іс-шаралары, сайлаушылармен кездесулер және үгіт-насихат материалдары орналастырылады», — дейді ол. Еске салсақ, 7 қазанда «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауына Қарақат Әбденнің кандидатурасын ұсынған болатын. 19 қазан күні ҚР Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына Қарақат Әбденді кандидат ретінде ресми тіркеді.