дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сайлауалды бағдарламалардың орындалуы басты назарда

Сайлауалды бағдарламалардың орындалуы басты назарда
ашық дереккөз
Партиялардың сайлауалды бағдарламаларының орындалуы ел сенімін нығайта түсетіні белгілі. Бұл бағытта Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында өңір халқына қолайлы жағдай жасау үшін барлық сала қамтылып, оның нақты орындалу мерзімі белгіленген. Ал, бағдарламаның орындалуы қашанда "Аманат"партиясының Жамбыл облыстық филиалының бақылауында. Осы мақсатта облыстық партия филиалының ғимаратында сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде жол картасындағы 2024 жылға қарасты көрсеткіштердің орындалу жайы қарастырылды. Жиынға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыстық партия филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен басқарма басшылары қатысты. Басқосуда Нұржан Календеров жол картасы аясында жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.

 

– Жол картасында 103 көрсеткішке қол жеткізу қарастырылған, оның ішінде орындалуы тиіс 98 көрсеткіштің 29-ына қол жеткізілді. Биыл бұл бағытта облыстық және республикалық бюджеттен жалпы көлемі 186,6 миллиард теңге қарастырылды. Соның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті орындау мақсатында «Жер Аманаты» жобасы мақсатында заңсыз берілген немесе пайдаланылмаған жерлер мен жайылымдарды қайтару бойынша 24,3 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. «Өндірістік инфрақұрылымды жүргізу» бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 105,3 мың бірлікті құрап, олармен 282,8 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Туристік әлеуетті дамыту міндеті аясында Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында «Koksai resort» демалыс орталығының бірінші кезеңі іске қосылып, Жамбыл ауданындағы Таскөл көлінің жағалауында «Таскөл» демалыс аймағы салынуда. «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту» бағыты аясында биыл 2 569 пәтерге арналған 51 үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Сондай-ақ, Нұржан Календеров экологиялық жағдайды жақсарту, әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау, білім мен мәдениет бағыттары бойынша «Дипломмен ауылға», «Жайлы мектеп», «Ауыл – ел бесігі» жобаларының атқарылуына баса мән беріп өтті. Айта кетейік, биыл облыста «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 220 маман үшін 1,8 миллиард теңге бюджеттік несие қарастырылса, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1,5 миллиард теңгеге 5 мәдениет нысандарының құрылысы жүргізілуде. Ал, жайлы мектеп жобасы аясында облыста салынуы қажет 12 мектептің жетеуінің құрылысы қолға алынған. Аталған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзұмбеков Шайқорық елді мекеніндегі мектеп жайын сұрастырды. Еске сала кетсек, экологиялық ахуалға байланысты аталған аумақта жайлы мектеп салудың тиімсіздігі тұрғындар мен депутаттар тарапынан бірнеше мәрте көтеріліп, мәселе жақында ғана оңтайлы шешімін тапқан болатын. Бұл бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов жауап берді. Басқарма басшысының айтуынша, Шайқорық елді мекенінде мектеп салу мәселесі келесі жылы жүзеге ааспақ. Сондай-ақ, биыл құрылысы бітуге тиіс 7 мектептің ішінде Қордай ауданы Қаракемер ауылында жайлы мектептің құрылысы жобалық сметалық құжаттамалары дайын болмауына байланысты келесі жылға қалдырылған. Бұдан өзге құрылыс нысандарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Басқосуда сонымен бірге облыстық мәслихат депутаттары өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Жанар Бүркітбаева Құмшағал аймағында санитарлық талаптарды сақтау мақсатында тұрғын үйлердің әжетхана құрылысын салуда бетондалмайтынын алға тартты. Депутаттың сөзінше, бұл сол аймақтағы 25 су қоймасының ластануына себеп болмақ. Сондай-ақ, Дамир Ташқараев «Казфосфат» ЖШС-ң қоқыс үйінділерін белгіленген аймақтан тыс қала маңындағы Шайқорық, Танты ауылдарының іргесіне тастап жатқандығын жеткізіп, зауыт тарапынан жергілікті тұрғындарға экологиялық ахуалға байланысты өтемақы төленбейтіндігін айтты. Сондай-ақ, Анар Бексұлтанова II топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да инватакси қызметі қарастырылу қажеттігін жеткізді.

Жиында депутаттарға көтерілген мәселелер бойынша тиісті басқарма басшылары тарапынан жауап берілді. Басқосуды қорытындылаған Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов халық қалаулылары көтерген мәселелердің оңтайлы шешімін табу және партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген межелерге қол жеткізу мақсатында атқарушы орган басшыларына өзара бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін алға тартты.

 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар